Иран БҰҰ шешіміне жауап ретінде ядролық бақылауды доғаруы мүмкін – Bloomberg
Иранның Ұлттық қауіпсіздік Жоғары кеңесі егер Еуропа елдері БҰҰ-ның елге қарсы санкцияларын қайта бастаса, Тегеран Халықаралық атом энергиясы агенттігімен (МАГАТЭ) байланысын тоқтатуы ықтимал екенін ескертті, деп хабарлайды BAQ.KZ Bloomberg агенттігіне сілтеме жасап.
Иран бұған дейін МАГАТЭ-ге өзінің ядролық нысандары туралы есеп беруге және инспекторларға қол жеткізуге рұқсат етуге келіскен.
Алайда Тегеран мәлімдемесінде: "Егер Иранға қарсы қандай да бір дұшпандық әрекеттер жасалса, соның ішінде Қауіпсіздік Кеңесінің санкциялық қарарлары қалпына келтірілсе, бұл келісімдер тоқтатылады", – деп атап өтті.
Кеңес мұндай жағдайда Иранның ядролық қаруды таратпау туралы шарттан шығуы да мүмкін екенін мәлімдеді.
Иран СІМ басшысы Аббас Арагчи 9 қыркүйекте Ислам Республикасының ядролық нысандарындағы инспекциялар тоқтатылғаннан кейін МАГАТЭ-мен өзара іс-қимылдың жаңа шарттары талқыланып жатқанын айтты.
10 қыркүйекте ол жаңа келісім агенттік инспекторларына толық қолжетімділік бермейтінін, тек белгілі бір тетіктер арқылы нысандарға бару шарттарының келісілетінін нақтылады.