Иран: АҚШ уранды толық байытуды тоқтатуды талап еткен жоқ
Иранның сыртқы істер министрі Аббас Аракчи cоғысқа да, бейбіт келісімге де дайын екендіктерін айтты.
АҚШ Ираннан уран байытуды толық тоқтатуды талап еткен жоқ. Тегеран алдағы екі-үш күн ішінде келіссөздер аясында Вашингтон әкімшілігіне ядролық келісім жобасын ұсынады, деп хабарлайды BAQ.KZ.
Бұл туралы Иранның сыртқы істер министрі Аббас Аракчи MSNBC телеарнасындағы Morning Joe бағдарламасында сұрақтарға жауап бере отырып мәлімдеді.
Министрдің айтуынша, америкалық және әсіресе израильдік бұқаралық ақпарат құралдарында тараған алыпқашпа әңгімелер шындыққа жанаспайды. Ол АҚШ Ираннан уран байыту деңгейін нөлге дейін түсіруді талап етпегенін атап өтті.
Қазір біз Иранның ядролық бағдарламасы, оның ішінде уран байыту үдерісі бейбіт сипатта болуын және мәңгі бейбіт күйінде қалуын қалай қамтамасыз етуге болатынын талқылап жатырмыз, - деді Аракчи.
Сондай-ақ Иран СІМ басшысы америкалық және израильдік БАҚ-та тараған Тегеран уран байыту қызметін бірнеше жылға тоқтатуды ұсынды деген ақпаратты да жоққа шығарды.
Аракчидің сөзінше, Тегеран келіссөздер аясында бір-екі күн ішінде Вашингтон әкімшілігіне ядролық келісім жобасын ұсынады.
Келесі қадамым - ықтимал келісімнің жобасын АҚШ-тағы әріптестеріме ұсыну. Ол екі-үш күн ішінде дайын болады деп ойлаймын. Басшылықтың түпкілікті мақұлдауын алған соң құжат Стив Уиткоффқа табысталады, - деді министр.
Аракчи ықтимал келісім әділ әрі теңдік қағидатына негізделуі тиіс екенін айтты. Оның пікірінше, мұндай уағдаластыққа салыстырмалы түрде қысқа мерзімде қол жеткізуге болады.
АҚШ тарапынан айтылған әскери қоқан-лоққыға қатысты министр Иранның ядролық бағдарламасын әскери жолмен шешу мүмкін емес екенін мәлімдеді.
Былтыр олар мұны жасап көрді. Нысандарымызға жаппай соққы берді, ғалымдарымызды өлтірді. Бірақ ядролық бағдарламамызды жоя алмады. Себебі бұл - өзіміз әзірлеген технология, ол бізге тиесілі. Жалғыз жол — дипломатия. Сондықтан АҚШ келіссөз үстеліне қайта оралып, келісім іздеп отыр. Біз бұған дайынбыз. Біз соғысқа да, бейбіт келісімге де дайынбыз, - деді Аракчи.
Сонымен қатар Иран СІМ басшысы жүргізушінің өтініші бойынша АҚШ президенті Дональд Трампқа және Конгресс мүшелеріне жолдау жасады.
Менің жолдауым мынадай: бұған дейінгі АҚШ әкімшіліктері бізге қарсы соғыс та жүргізді, санкциялар да салды, басқа да шараларды қолданды. Бірақ олардың ешқайсысы нәтиже берген жоқ. Егер сіздер иран халқымен құрмет тілінде сөйлессеңіздер, біз де дәл солай жауап береміз. Ал күш көрсету тілінде сөйлессеңіздер, жауап та сондай болады, - деп түйіндеді министр.