Иран АҚШ-тың соғысты тоқтату жөніндегі соңғы ұсынысына жауап жолдады
Иран Сыртқы істер министрлігінің ресми өкілі Исмаил Багаи бұған дейін елдің америкалық жобаға қатысты өз ескертулерін дайындап жатқанын мәлімдеген болатын. Жауап құжат ел басшылығы жан-жақты талдау жүргізіп, ортақ келісімге келгеннен кейін ғана әзірленді.
Иран АҚШ-тың соғысты тоқтату жөніндегі соңғы ұсыныс жобасына ресми жауабын жолдады. Құжат жексенбі күні пәкістандық делдалдар арқылы жеткізілген, деп хабарлайды BAQ.KZ IRNA агенттігінің Telegram-арнасына сілтеме жасап.
Хабарламада дипломатиялық күш-жігердің қазіргі кезеңі нақты сипатқа ие екені айтылған: келіссөздер тек өңірдегі соғысты толық тоқтату мәселесіне ғана бағытталады.
Материалда Пәкістанның Тегеран мен Вашингтон арасындағы ресми ұстанымдарды жеткізудегі негізгі байланыстырушы буын ретіндегі рөлін жалғастырып отырғаны еске салынған.
Иран Сыртқы істер министрлігінің ресми өкілі Исмаил Багаи бұған дейін елдің америкалық жобаға қатысты өз ескертулерін дайындап жатқанын мәлімдеген болатын. Жауап құжат ел басшылығы жан-жақты талдау жүргізіп, ортақ келісімге келгеннен кейін ғана әзірленді.
Мамыр айының басында Иран Пәкістанға қақтығысты аяқтауға арналған негізгі шарттары қамтылған бейбіт жоспарды тапсырғаны хабарланған еді.
Кейін БАҚ-та АҚШ пен Иран қысқа мерзімді атысты тоқтату туралы келісім жасасуы мүмкін екені айтылды. Тегеран әскери әрекеттерді тоқтатуға мүмкіндік беретін, алайда ең даулы мәселелерді шешусіз қалдыратын ұсынысты қарастырып жатыр.
Тараптар бір беттік меморандум форматындағы уақытша келісімді талқылауда. Оның мақсаты – шиеленістің ушығуына жол бермеу және Ормуз бұғазындағы кеме қатынасын тұрақтандыру.
Дереккөздер мен ресми тұлғалардың мәліметінше, ұсынылған схема үш кезеңнен тұрады: соғыстың ресми аяқталуы, бұғаздағы дағдарысты реттеу және кең ауқымды келісім бойынша келіссөздер жүргізуге арналған 30 күндік кезеңді бастау.