Иран АҚШ-қа қатаң ескерту жасады: теңіз блокадасы іске аспайды
Пезешкиан АҚШ-тың тееңіз блокадасын енгізу қадамдары аймақ халықтарының мүддесіне, сондай-ақ жаһандық бейбітшілік пен тұрақтылыққа қайшы келетінін айтты.
Иран президенті Масуд Пезешкиан Парсы шығанағының ұлттық күніне орай жолдаған үндеуінде АҚШ-тың теңіз блокадасын енгізу әрекеттерін қатаң сынға алды, деп хабарлайды BAQ.KZ Anadolu Ajansı агенттігіне сілтеме жасап.
Пезешкианның айтуынша, АҚШ-тың мұндай қадамдары аймақ халықтарының мүддесіне, сондай-ақ жаһандық бейбітшілік пен тұрақтылыққа қайшы келеді. Ол Парсы шығанағындағы қауіпсіздік тек жағалаудағы мемлекеттердің өзара ынтымақтастығы арқылы ғана қамтамасыз етілуі тиіс екенін атап өтті.
Бұл аймақ біржақты сыртқы араласуға ашық кеңістік емес, – деді ол.
Президент Парсы шығанағын Иранның ұлттық болмысының ажырамас бөлігі әрі егемендігінің символы деп атап, теңіз жолдарын шектеу мен блокада енгізу әрекеттері Тегеранға қысым көрсетуге бағытталғанын айтты.
Кез келген теңіз блокадасы мен шектеулер сәтсіздікке ұшырайды, – деді Пезешкиан.
Сонымен қатар ол аймақтағы тұрақсыздық үшін АҚШ пен Израильді жауапты деп айыптады.
Пезешкиан Иранның Парсы шығанағы мен Ормуз бұғазы қауіпсіздігінің кепілі екенін айтып, елінің теңізде еркін жүзу қағидаттарын сақтайтынын жеткізді. Дегенмен, бұл қағидаттар Иран халқы мен оның егемендігіне құрмет көрсетілген жағдайда ғана жүзеге асуы тиіс екенін ескертті.
Сондай-ақ Иран президенті елінің «заңды құқықтарын» қорғауға дайын екенін айтып, өңірде бейбітшілік пен тұрақтылықты қамтамасыз ететін әділ шешімге қол жеткізу үшін дипломатиялық үдерісті жалғастыруға әзір екенін мәлімдеді. Алайда бұл АҚШ тарапынан «қатаң ұстанымдар мен арандатушы әрекеттердің тоқтатылуына» байланысты екенін атап өтті.
Еске сала кетейік, 28 ақпанда басталған АҚШ пен Израильдің бірлескен шабуылдарынан кейін Иран Ормуз бұғазы арқылы өтетін қозғалысты шектеген болатын. Бұл әлемдік энергия тасымалының маңызды бағыты болғандықтан, мұнай бағасы соғысқа дейінгі деңгеймен салыстырғанда 80 пайызға дейін өсті.
8 сәуірде АҚШ пен Иран арасында атысты тоқтату туралы келісімге қол жеткізілгенімен, Пәкістан делдалдығымен өткен келіссөздер нәтиже бермеді.
13 сәуірде АҚШ Иранға қарсы теңіз блокадасын енгізіп, Ормуз бұғазы арқылы өтетін кемелерге араласуды бастады.
17 сәуірде Ливанда атысты тоқтату режимі орнағаннан кейін, Иран уақытша кезеңде коммерциялық кемелердің бұғаздан өтуіне рұқсат бергенін мәлімдеді. Алайда АҚШ блокаданы жалғастыратынын хабарлаған соң, Тегеран қайтадан шектеулер енгізді.
Осы кезеңде АҚШ Оман шығанағы мен Үнді мұхитында ирандық сауда кемелерін шабуылдап, кейбірін басып алған. Ал Иран жауап ретінде Ормуз бұғазы маңында Израильмен байланысты кемелерді ұстап қалған.