Бүгiн 2026, 12:00 Фото: pixabay.com

Иран АҚШ-пен келіссөздер туралы ақпаратты жоққа шығарды

Иран Ислам Республикасының Ормуз бұғазы мәселесіне қатысты ұстанымы өзгеріссіз қалып отыр.

Иран Сыртқы істер министрлігінің ресми өкілі Исмаил Бағаи Иран мен АҚШ арасында келіссөздер жүріп жатыр деген ақпарат шындыққа сәйкес келмейтінін мәлімдеді, деп хабарлайды BAQ.KZ.

Оның айтуынша, соңғы күндері бірқатар достас елдер арқылы Вашингтон тарапынан қақтығысты аяқтау үшін келіссөз жүргізу туралы ықтимал сұранысқа қатысты белгілі бір белгілер түскен. Алайда Тегеран оларға елдің принципті ұстанымына негізделген жауап берген.

Бағаи Иран тарапы мемлекет үшін аса маңызды инфрақұрылым нысандарына шабуыл жасауға бағытталған кез келген әрекеттің ауыр салдары болатынын ескерткенін атап өтті. Оның сөзінше, Иранның энергетикалық нысандарына қарсы қандай да бір іс-қимыл жасалса, елдің қарулы күштері батыл әрі жедел жауап береді.

СІМ өкілі сондай-ақ Ормуз бұғазы мәселесіне және қақтығысты аяқтау шарттарына қатысты Ислам Республикасының ұстанымы өзгеріссіз қалғанын қосты.

Сонымен бірге, бұған дейін АҚШ вице-президенті Джей Ди Вэнс пен Израиль премьер-министрі Биньямин Нетаньяху телефон арқылы сөйлесіп, Иранмен диалог орнату бағытындағы әрекеттерді талқылағаны еске салынды.