23 Ақпан 2026, 05:18 Фото: freepik

Иран АҚШ-пен келіссөзде ядролық жеңілдіктерге дайын екенін хабарлады

Ел ядролық қару жасауға ұмтылмайтынын және МАГАТЭ бақылауына дайын екенін мәлімдеді.

Иран АҚШ-пен келіссөздерде ядролық бағдарламасына қатысты жеңілдіктерге дайын екенін мәлімдеді. Шенеунік Reuters агенттігіне Тегеран санкцияларды жою және уран байыту құқығын мойындау шартында икемге келуге дайын екенін айтты, деп хабарлайды BAQ.KZ.

Иран өзінің ең байытылған уранының бір бөлігін шетелге жіберуді, қалғанын сұйылтуды және уранды байыту бойынша аймақтық консорциумға қатысуды қарастырып отыр. Сонымен қатар, елдің мұнай және газ саласына АҚШ компанияларының қатысуына мүмкіндіктер ашылады.

Аббас Арагчи жуық арада АҚШ арнайы өкілі Стив Уиткофф-пен Женевада кездесуді жоспарлап отыр. Шенеуніктің айтуынша, дипломатиялық шешім әлі де мүмкін, бірақ екі тарап санкцияларды алып тастау мен ядролық бақылау мәселелерінде келіспей отыр.

Иран АҚШ-тың ұзақ қашықтықтағы зымырандарға шектеу қою және аймақтық топтарды қолдауды тоқтату талаптарын қабылдамайды, бірақ экономикалық ынтымақтастыққа ашық екенін атап өтті. Ел ядролық қару жасауға ұмтылмайтынын және МАГАТЭ бақылауына дайын екенін мәлімдеді.