Иран АҚШ-пен келіссөз бастау үшін қатаң шарт қойды

Иран билігі АҚШ-пен ядролық бағдарламаға қатысты келіссөздерге тек АҚШ президенті Дональд Трамп Ислам Республикасына қарсы жаңа әскери соққылар туралы қоқан-лоққыларын тоқтатқан жағдайда ғана дайын екенін мәлімдеді. Бұл туралы Иранның сыртқы істер министрі Аббас Аракчи айтты, деп хабарлайды BAQ.KZ "Анадолу" агенттігіне сілтеме жасап.

Аракчидің айтуынша, Иран келіссөздердің өзара құрметке, сенімге және тараптардың мүдделерін ескеруге негізделгенін қолдайды. Сонымен қатар, Тегеран елдің ішкі тұрақтылығын және аймақтық қауіпсіздікті қорғауға ниетті екенін, сыртқы қысымға жол бермейтінін атап өтті.

Министр АҚШ тарапынан жаңа әскери соққы болуы мүмкін деген мәлімдемелерге де пікір білдіріп, мұндай жағдайда Иранның тиісті жауап қайтаратынын жеткізді. Оның сөзінше, АҚШ үкіметі түрлі делдалдар арқылы келіссөз жүргізу жөнінде бастама көтергенімен, қауіп-қатер мен қысым жағдайында келіссөздер басталмайды.

Аракчи ықтимал келіссөздер барысында тек ядролық мәселелер ғана қаралатынын, ал Иранның қорғаныс және зымырандық әлеуеті талқылауға жатпайтынын нақтылады.

Айта кетейік, бұған дейін Иран мен АҚШ арасында ядролық бағдарлама бойынша диалог жүргізілген, алайда ол маусым айында Иран аумағындағы нысандарға жасалған әскери соққылардан кейін тоқтатылған.

The New York Times басылымының дерегінше, Дональд Трамп Тегераннан ядролық бағдарламаны шектеу жөнінде қосымша талаптар қойып отыр. Ал келіссөздер нәтижесіз аяқталған жағдайда, АҚШ тарапынан бірқатар қатаң шаралар қарастырылуы мүмкін.

Бөлісу:
Қысқа да нұсқа. Жазылыңыз telegram - ға

Фото: Anadolu Ajansı / Иран СІМ / Аббас Аракчи
Өзгелердің жаңалығы