Иран АҚШ базаларын нысанаға алды: Бахрейн әлемге дабыл қақты
Парсы шығанағындағы жағдай ушығып барады. Бахрейн БҰҰ Қауіпсіздік кеңесін шұғыл шақыруды талап етті. Оның себебі неде?
Таяу Шығыс ірі соғыс қаупінің алдында тұр. Бахрейн Иранның баллистикалық зымырандар мен камикадзе-дрондар арқылы жасалған жаппай шабуылын қатаң айыптап, БҰҰ Қауіпсіздік кеңесінің шұғыл отырысын шақыруды ресми түрде талап етті. Бахрейн Сыртқы істер министрлігі Тегеранның әрекетін «араб әлемінің қауіпсіздігіне қатер төндіретін қасақана әрі жүйелі агрессия» деп атады.
Аймақтағы шиеленіс Иран Ислам революциясы сақшылар корпусының (КСИР) Бахрейн мен Кувейт аумағына, нақтырақ айтқанда АҚШ-тың ірі әскери базалары орналасқан нысандарға соққы беруінен кейін күшейді. Мәліметке сәйкес, Бахрейнде ирандық зымыран Манама халықаралық әуежайы маңындағы сегіз қабатты тұрғын үйге түсіп, ғимаратты қиратқан. Абырой болғанда, адам шығыны тіркелмеген. Ал Кувейттің әуе шабуылына қарсы қорғаныс жүйелері елге бағытталған баллистикалық зымырандарды әуеде жоюға тырысқан.
Шабуыл Иранның АҚШ әскери-әуе күштерінің соққыларына берген жауабы ретінде бағалануда. Вашингтон мен Тегеран арасындағы кезекті текетірестің негізгі себебі – әлемдік мұнай экспорты үшін стратегиялық маңызы зор Ормуз бұғазы төңірегіндегі жағдай. Хабарламада БҰҰ азаматтық кемелер үшін Иран бақылауынан тыс қауіпсіз бағыт құруға әрекет жасағаны, ал бұған жауап ретінде Тегеран танкерлерге шабуыл жасап, АҚШ-тың одақтастарына соққы бергені, сондай-ақ кез келген бейбіт келіссөздерді тоқтататынын мәлімдегені айтылған.
Осыдан кейін Парсы шығанағындағы араб монархиялары ұжымдық жауап қайтаруға дайын екенін мәлімдеді. Бахрейн билігі «Парсы шығанағындағы бір мемлекетке жасалған шабуыл – барлығына жасалған шабуыл» екенін ерекше атап өтті.