Иран АҚШ әскери-теңіз күштерінің Парсы шығанағына кіруіне жол бермейтінін мәлімдеді
Иран Қарулы күштері Бас штабының бастығы Әли Абдоллахи АҚШ тарапынан жаңа шабуылдар жасалған жағдайда Тегеран қуатты әскери жауап беруге дайын екенін айтты.
Иран әскері АҚШ әскери кемелерінің Парсы шығанағына кіруіне және онда операция жүргізуіне жол бермейтінін мәлімдеді. Бұл туралы Иранның IRIB телерадиокомпаниясы хабарлады.
Иран Қарулы күштері Бас штабының бастығы, генерал-майор Әли Абдоллахидің айтуынша, АҚШ әскери-теңіз күштерінің шығанақ аумағында әрекет етуге бағытталған кез келген талпынысы тоқтатылады. Оның сөзінше, АҚШ президентіне мұндай сценарийді тек «армандауға» ғана тура келеді.
Абдоллахи АҚШ тарапынан жаңа шабуыл жасалған жағдайда Иран шешуші әрі қуатты әскери жауап қайтаратынын ескертті.
Генералдың айтуынша, АҚШ пен Израильге қарсы жақында болған әскери қақтығыстар Иран қарулы күштерінің болашақта болуы мүмкін шабуылдарға тойтарыс беруге дайындығын арттырған.
Ол Тегеранның қарсылық көрсетуге деген табандылығы өзгеріссіз қалатынын атап өтті. Сонымен қатар Абдоллахи әскери саладағы техникалық ілгерілеу туралы айтып, ирандық мамандар әзірлеп, жаңғыртқан жаңа қару үлгілерінің сипаттамалары бұрынғы модельдерден жоғары екенін мәлімдеді.