Кеше 2026, 19:18 Фото: Reuters

Иран ақпанда қаза тапқан Али Хаменеиді жерлеу күнін белгіледі

Қаралы шаралар Тегеран, Құм және Мешхед қалаларында ұйымдастырылады.

Иран билігі 28 ақпанда АҚШ пен Израильдің ел аумағына жасаған алғашқы соққылары кезінде қаза тапқан аятолла Әли Хаменеиді жерлеу күндерін жариялады.

Мәліметке сәйкес, Әли Хаменеимен бірге оның жұбайы, келіні, күйеу баласы және немересі де қаза болған.

Қаралы шаралар аясында ел астанасында Әли Хаменеи мен оның туыстарымен қоштасу рәсімі өтеді. Тегерандағы рәсім 6 шілдеге дейін жалғасады.

Одан кейін қаралы шеру ел аумағында жалғасады. 7 шілдеде шииттер үшін қасиетті Құм қаласында шеру өтсе, 9 шілдеде аятолланың туған қаласы Мешхедте қорытынды рәсім ұйымдастырылады. Ол Имам Реза кесенесінде жерленеді.

Бастапқыда қоштасу рәсімі 4 наурызға жоспарланып, үш күнге созылуы тиіс болған. Алайда кейінірек оның мерзімі өзгертілді. Билік бұл шешімді көшбасшымен қоштасқысы келетіндердің көптігімен түсіндірді.

Хабарламада рәсімге Иран тұрғындары, ислам құндылықтарын ұстанушылар және елге жанашыр барлық азаматтардың шақырылатыны айтылған.

Ресми билік өкілдері бұл әлемнің түкпір-түкпірінен адамдарды біріктіретін ауқымды қаралы шара болатынын мәлімдеді.