Иран 10 жылдық ядролық келісімді ресми түрде тоқтатты
Иран 2015 жылы әлемдік державалармен жасалған ядролық келісімді — Ортақ жан-жақты іс-қимыл жоспарын ресми түрде тоқтататынын мәлімдеді, деп хабарлайды BAQ.KZ.
Келісімнің барлық тармақтары, оның ішінде ядролық бағдарламаны шектеу және оған қатысты бақылау механизмдері тоқтатылғаны туралы хабарлаймыз, – делінген Иран Сыртқы істер министрлігінің мәлімдемесінде.
Сонымен қатар Тегеран дипломатияға адал екенін атап өтті, – деп жазады The Guardian.
Бұл келісімге 2015 жылы Иран, Қытай, Ресей, АҚШ, Ұлыбритания, Франция және Германия қол қойған болатын. Мақсаты – Иранның ядролық қару жасауына жол бермеу. Алайда 2018 жылы АҚШ президенті Дональд Трамп елін бұл келісімнен шығарып, санкцияларды қайта енгізгеннен кейін келісім іс жүзінде өз күшін жойды.
Сол уақыттан бері келісімді қайта жандандыру әрекеттері нәтиже бермеді. 2025 жылдың жазында Иран, Израиль және АҚШ арасындағы шиеленіс күшейіп, келіссөздер жүргізу мүмкіндігін толықтай жойды. Ал маусым айында Иран парламенті МАГАТЭ-мен (Атом энергиясы жөніндегі халықаралық агенттік) ынтымақтастықты тоқтату туралы заң қабылдады. Бұл Еуропаның қарсылығын туғызып, БҰҰ санкцияларын "жедел қайтару" тетігін іске қосуға себеп болды.
Бұған дейін Иран президенті АҚШ-тың санкцияларды кейінге қалдыру шарттарын "қабылдауға келмейтін" деп бағалаған еді.
Батыс елдері Иранның ядролық қаруға қол жеткізуіне жол бермейтін жаңа келісім жолдарын қарастырып жатқандарын мәлімдеді. Ал Тегеран тарапынан келіссөздер тек АҚШ-тың әскери іс-қимылдан бас тартуы секілді нақты кепілдер болған жағдайда ғана мүмкін екенін алға тартты.