14 Қараша 2026, 01:29 Фото: REUTERS/Essam Al-Sudani

Ирак мұнайды Сирия арқылы құрлықпен экспорттауды қайта жандандырды

Жүк көліктері Ирактың оңтүстігіндегі мұнай кен орындарынан Банияс портына дейін қатынайды.

Ирак Ормуз бұғазының жабылуына байланысты мұнай экспорттаудың балама жолдарын іздеп, Сирия арқылы өтетін құрлық бағытын қайта іске қосты. Енді шикі мұнайдың бір бөлігі автоцистерналармен Сирияның Банияс портына жеткізіліп, одан әрі Жерорта теңізі елдеріне жөнелтіледі.

Reuters агенттігінің хабарлауынша, Ирактың Басра қаласы маңындағы мұнай қоймасында жүздеген жүк көлігі кезекте тұр. Катардың UCC Holding компаниясы мемлекеттік SOMO мұнай трейдерімен жасалған келісім аясында тәулігіне 120-150 мың баррель мұнай тасымалдап жатыр.

Жүк көліктері Ирактың оңтүстігіндегі мұнай кен орындарынан Банияс портына дейін қатынайды. Бір бағытқа барып-қайту шамамен бес күнге созылады. Компания бұл бағыттағы жүк көліктерінің санын 6 мыңнан 10 мыңға дейін көбейтуді жоспарлап отыр.

Келісім бойынша, UCC үш ай ішінде 5-14 миллион баррель ауыр мұнай тасымалдауды көздейді. Мұнай Банияс портынан Грекия, Италия, Түркия және басқа елдердің мұнай өңдеу зауыттарына жеткізіледі.

Ирак мұнайының басым бөлігін Парсы шығанағы арқылы экспорттайды. Алайда Ормуз бұғазының жабылуы балама бағыттардың маңызын арттырды. Көп жылдық қақтығыстардан кейін Сирия арқылы өтетін жолдың қайта пайдалануға қолайлы болуы да осы бағытқа қызығушылықты күшейткен.