Ирак ірі мұнай кен орнының ашылғанын мәлімдеді
Алдын ала есеп бойынша қор көлемі 8,8 миллиард баррельден асады.
Ирактың Мұнай министрлігі Сауд Арабиясымен шекаралас Наджаф провинциясының оңтүстігінде ірі мұнай кен орны табылғанын мәлімдеді, деп хабарлайды BAQ.KZ.
Шетелдік БАҚ мәліметінше, әңгіме Qarnain барлау блогы туралы болып отыр. Бұл аталған аумақта ресми түрде расталған алғашқы мұнай кені саналады. Учаскенің аумағы шамамен 8,7 мың шаршы шақырымды құрайды. Ал болжамды мұнай қоры 8,8 миллиард баррельден асады.
Министрлік мәліметінше, Shams-11 барлау ұңғымасынан жеңіл мұнай анықталған. Алғашқы өндіру көлемі тәулігіне шамамен 3,2 мың баррель болады деп бағаланып отыр.
Ведомство сондай-ақ кен орнын игерумен қытайлық ZhenHua Oil компаниясы айналысып жатқанын хабарлады. Қазір тараптар жобаны жедел іске қосу және оны коммерциялық кезеңге шығару мүмкіндігін талқылап жатыр.