"IQanat OFF-Line": Бурабайда ауыл оқушылары туралы сериал түсіріліп жатыр

IQanat мектебінде оқитын ауыл балалары әйгілі "Каникулы OFF-line" франшизасының жұлдыздарына айналады, деп хабарлайды BAQ.KZ тілшісі.

Бурабайда IQanat мектебінің оқушылары өздері жайлы сериалға түсіп жатыр. Туынды қыркүйек айында қалың көрерменге жол тартады.

Әйгілі "Каникулы OFF-line франшизасының авторлары үздік қазақстандық мектептердің бірі – IQanat мектебін бітіргеннен кейін өмірі күрт өзгеретін ауыл оқушысы туралы сериал түсіруді бастады.

Сериал IQanat республикалық олимпиадасында жеңіске жеткеннен кейін тағдыры өзгерген оқушы Айбол жайлы болады.

Сериалдың атауы - "IQanat OFF-Line".

Елордалық БАҚ өкілдері түсірілім алаңында болып, актерлермен әңгімелесіп, сериалдың ерекшелігі жайлы білді.

Сериалды көрген көрермен бойынан әртүрлі сезімді өткереді. Олар - қуаныш, қиындық, махаббат сезімі.

Жобаның режиссері - "Айман мен Шолпан", "Аңшы бала", "Көзіме қара", "Жаңғақ ағашы" туындыларымен танымал, Пусан кинофестивалінің бас жүлдесін алған Ерлан Нұрмұхамбетов.

Сериалдың бас продюсері - IQanat жобасының қамқоршысы Ернар Құрмашев.

Телехикаяның премьерасы отандық телеарналардың бірінде 2024 жылдың қыркүйегінде көрсету жоспарланып отыр. Бүгінде сериалдың түсірілім жұмыстары аяқталуға жақын.

Сериалдың бас продюсері - IQanat жобасының қамқоршысы Ернар Құрмашев осы сериал арқылы қалың көрермен ауыл оқушыларының тағдырын өзгерте алатын IQanat бірегей жобасымен жақынырақ танысқанын қалайтынын айтты.

Ауыл оқушылары мен қала оқушылары арасындағы бастапқыда берілетін мүмкіндіктер тең емес екенін баршамыз білеміз. Көбінесе ауыл оқушыларын сәл демеп жіберіп, олардың бойына сенім ұялату керек. IQanat - қазақстандық кәсіпкерлердің жобасы. Бұл еліміздің ауыл оқушыларына қолдау көрсету, оларға білім беруде жаңа мүмкіндіктерге жол ашу сияқты ортақ бір мұратқа біріккен ниеттестердің үлкен және берік елдік күші. Мен де олардың қатарына қосылып, сериал идеясын ұсындым. Себебі барынша көп ауыл балалары, олардың отбасылары осындай маңызды жоба туралы білуі керек, - деді ол.

Сериал 16 серияға созылады. Әр сериясы 25 минуттан.

Сериалдың басты рөлін Саят Атабай сомдайды. Оның сөзінше, бұл оның алғашқы рөлі.

Бұл менің алғашқы рөлім. Қызықты рөл. Себебі өзінің мамандығын таппай жүрген бала әртүрлі жолдан өтеді. Осы кейіпкерді сомдау арқылы өзімді әртүрлі салада сынап көруге мүмкіндік аламын, - дейді Айбол рөлін сомдайтын Саян.

Ал Жұлдыздың рөлін сомдайтын Нұрай да бұл толыққанды алғашқы рөлі екенін айтады.

Бұл - басты рөл. Яғни басты рөлдегі Айбол Жұлдызға ғашық болады. Бұл рөлге кастинг арқылы өттім. Басында уайымдадым. Бірақ қазір бәрі жақсы. Түсірілім тобы да өте тату. Осы жоба арқылы өзім де тәжірибемді шыңдап жатырмын, - деп айтты Нұрай Тілеуқұлова.

Милананың рөлін сомдайтын Анастасия Камарова сериал өте қызықты екенін айтты.

Мен сериалда Милананың рөлін ойнаймын. Бұл ерекше рөл. Милананы сылқым қыз деп айтсам да болады. Ол әртүрлі әдемі заттарды таққанды жақсы көреді. Басқалардан ерекшеленгенді жақсы көреді. Мен де өмірде сондаймын. Маған Милананың рөлі өте қатты ұнайды, - деді Анастасия.

Сөзінше, сериалға 14 актер қатысып жатыр. Ал IQanat мектебінің 100-ге жуық оқушысы қосымша рөлдерді сомдайды.

Телеарнада премьерасы көрсетілгеннен кейін көрермендер оны YouTube платформасынан да тамашалай алады.

IQanat – білім берудегі теңсіздікпен күресу идеясы төңірегінде біріккен 150-ден астам қазақстандық кәсіпкер қолдау көрсететін әлеуметтік және білім беру жобасы. IQanat бағдарламалары 55 мыңнан астам ауыл баласын қамтып үлгерсе, олардың 70-80%-ы көпбалалы және толық емес отбасылардан шыққан. Осының арқасында балалардың 90%-ға дейіні Қазақстанның және шетелдің үздік университеттеріне грант арқылы түсті. Қазіргі таңда жоба түлектері әлемнің 15 елінде білім алып жатыр.

Бөлісу:
Қысқа да нұсқа. Жазылыңыз telegram - ға

Фото: Гүлжан РАМАНҚҰЛОВА
Өзгелердің жаңалығы