11 Тамыз 2026, 11:18 Фото: ©BAQ.KZ архиві/Мади Искаков

Ипотеканы рәсімдеу 10-15 минутқа дейін қысқарды – Отбасы банк

Қазақстанда тұрғын үй несиелерінің 60%-ы блокчейн технологиясы арқылы беріліп жатыр. Бұл қазақстандықтардың 500 мыңнан астам сағатын үнемдеуге мүмкіндік берген

«Отбасы банк» тұрғын үй несиесін рәсімдеу процесін цифрландыруды жалғастырып жатыр. Қазіргі таңда банк клиенттері үйді кепілге қою, меншік құқығын тіркеу және кепілді алып тастау сияқты бірқатар қызметті онлайн ала алады. Бұл туралы «Отбасы банк» АҚ басқарма төрағасы Ләззат Ибрагимова Үкімет отырысында айтты, деп хабарлайды BAQ.KZ тілшісі.

Ләззат Ибрагимованың айтуынша, қазіргі таңда «Отбасы банкінің» қызметін 4 миллион адам пайдаланады. Банк күн сайын 300-ден астам азаматқа тұрғын үй несиесін береді.

Қазіргі таңда Отбасы банкіне 4 миллион адам сенім артып отыр. Күн сайын 300-ден астам азаматқа тұрғын үй несиесін береміз. Осы орайда тұрғын үй бағдарламаларын, мемлекеттік қызметтерді және цифрлық технологияларды бір жүйеге біріктірдік, – деді ол.

Банк ипотека рәсімдеу процесін цифрландырып, жасанды интеллект пен блокчейн технологияларын қолданады.

2021 жылы Қазақстанда бірінші болып «Азаматтарға арналған үкімет» мемлекеттік корпорациясымен бірге блокчейнді енгіздік, – деді Ләззат Ибрагимова.

Оның айтуынша, 2021 жылдан бері блокчейн арқылы 254 мыңнан астам операция жүргізілген. Қазір тұрғын үй несиелерінің 60 пайызы осы жүйе арқылы беріледі.

Осы қызмет қазақстандықтардың 500 мыңнан астам сағатын үнемдеді, – деді «Отбасы банк» басшысы.

Цифрландыру нәтижесінде тұрғын үйді кепілге қою процесі де айтарлықтай жеделдеген.

Халықтың уақытын үнемдеп, кезекте ұзақ тұрмауы үшін үйді кепілге қою уақытын азайттық. Бұрын клиенттер кепілді 5 жұмыс күні ішінде тіркейтін болса, қазір бұл процесс 10-15 минутқа дейін қысқарды, – деді Ләззат Ибрагимова.

Қазіргі таңда клиенттер меншік құқығын тіркеу, жалдау және кепілді алып тастау сияқты қызметтерді де онлайн түрде ала алады.