Ипотека: Биыл мыңдаған адам баспаналы болды

Өнеркәсіп және құрылыс вице-министрі Қуандық Қажкенов БАҚ өкілдерімен өткен баспасөз кездесуінде әлеуметтік осал топтарды тұрғын үймен қамтамасыз ету және жеңілдетілген ипотекалық бағдарламалардың жүзеге асырылу барысы туралы мәлімет берді, деп хабарлайды BAQ.KZ тілшісі.

Вице-министрдің айтуынша, 2025 жылы әлеуметтік осал санаттағы азаматтарды жалдамалы тұрғын үймен қамтамасыз ету үшін республикалық бюджет есебінен және нарықтық шарттармен мемлекеттік бағалы қағаздар шығару арқылы 14,5 мыңнан астам пәтер сатып алу жоспарланған. Бұл мақсатқа 222,4 млрд теңге бағытталады.

Оның ішінде:

  • республикалық бюджет есебінен 5 139 пәтер – 72 млрд теңгеге;
  • мемлекеттік бағалы қағаздар арқылы 9 417 пәтер – 150,4 млрд теңгеге сатып алу көзделген.

11 айдың қорытындысы бойынша 7,2 мың пәтер сатып алынған.

Сонымен қатар акиматтар мемлекеттік бағалы қағаздар шығару есебінен 11,2 мың кредиттік пәтерді салу және сатып алуды жоспарлап отыр. Бұл бағытқа 140,2 млрд теңге қарастырылған, - деді вице-министр.

Биыл 11 айдың қорытындысы бойынша 4,4 мың пәтер салынған және сатып алынған.

Қуандық Қажкеновтің мәліметінше, 11 айда 2% және 5% мөлшерлемемен 4,9 мың жеңілдетілген ипотекалық несие берілген. Олардың жалпы сомасы 63,1 млрд теңгені құрайды. Жыл соңына дейін бұл көрсеткішті 9,2 мың несиеге және 117,5 млрд теңгеге жеткізу жоспарланған.

Бұдан бөлек, “Наурыз” және “Наурыз Жұмыскер” ипотекалық бағдарламалары аясында 11 айда 7,6 мың ипотекалық несие берілген. Қаржыландыру көлемі 205,7 млрд теңгені құрады, - деді ол.

Бұл бағдарламалар бойынша жылдық жоспар – 14,9 мың несие және 500 млрд теңге.

Бөлісу:
Қысқа да нұсқа. Жазылыңыз telegram - ға
Өзгелердің жаңалығы