Ипотека алғысы келетіндерге маңызды жаңалық: Не өзгереді?
Жаңа тәсіл бойынша бастапқы жарна көлемі артқан сайын ипотеканың пайыздық мөлшерлемесі төмен болуы мүмкін.
Қазақстанда ипотекалық қарыздар бойынша жылдық тиімді сыйақы мөлшерлемесін төмендету мәселесі қаралып жатыр. Бұл туралы Қаржы нарығын реттеу және дамыту агенттігі төрағасының орынбасары Олжас Қизатов мәлімдеді, деп хабарлайды BAQ.KZ тілшісі.
Осы орайда жаңа ережелер қабылданған жағдайда қолданыстағы ипотекалық несиелердің шарттары қайта қарала ма деген сұрақ туындауы мүмкін.
Агенттік басшысы орынбасарының айтуынша, бастапқы жарна көлеміне қарай сараланған тәсіл енгізу ұсынылып отыр: алғашқы жарна неғұрлым жоғары болса, пайыздық мөлшерлеме соғұрлым төмен болады. Себебі мұндай несиенің тәуекелі де азаяды. Қарастырылып жатқан нұсқалардың бірі – 20%.
Нақты мөлшерлеме қандай болатыны әзірге талқыланып жатыр. Бұл тәсіл тек жаңа несиелерге қатысты қолданылады. Жаңа жылдық тиімді сыйақы мөлшерлемесі күшіне енгеннен кейін банктер несиені сол жаңа мөлшерлеме бойынша беруге міндетті болады, – деп түсіндірді Олжас Қизатов Сенаттың кулуарында берген сұхбатында.
Сонымен қатар қазақстандықтардың банктерге қайта қаржыландыру мәселесі бойынша жүгінуге құқығы бар.
Еске салайық, бұған дейін қарызын төлей алмай жүрген қазақстандықтар SMS-хабарлама алуы мүмкін екендігі белгілі болды.