Таяу Шығыстағы шиеленіс IPO нарығын тежеді
Таяу Шығыстағы қақтығыс IPO-ға дайындалып жатқан компанияларға қысым жасап отыр
Таяу Шығыстағы оқиғалар салдарынан нарықтағы құбылмалылық күшейіп, IPO-ға шығуды жоспарлаған компаниялар өз қадамдарын қайта таразылай бастады. Ал банкирлер басталып кеткен мәмілелерді аяқтаудың жолын іздеуде, деп хабарлайды BAQ.KZ тілшісі Bloomberg-ке сілтеме жасап.
Еуропалық қорғаныс технологиялары компаниясы Vincorion мен қант диабетін емдеуге арналған құрылғылар әзірлейтін MiniMed Group Inc. бөлімшесі жақын уақытта акцияларын бастапқы жария орналастыру жоспарынан бас тартпайды. Дегенмен көптеген компаниялар әзірге күту тактикасын таңдаған.
Нарықтағы көңіл күйдің кенет өзгеруі SpaceX пен жасанды интеллект саласындағы ірі ойыншылардың ауқымды листинг жоспарларына да қауіп төндіріп отыр. Мәселен, Clear Street Group Inc. брокерлік компаниясы мен Blackstone Inc. қолдау көрсететін Liftoff Mobile Inc. компаниясы бағдарламалық қамтамасыз ету және қаржы секторындағы акциялардың күрт арзандауы аясында листингке өтінімдерін қайтарып алды. Бұл құлдырау жасанды интеллектке қатысты алаңдаушылықпен байланысты болған. Кейін Liftoff бірнеше күннен соң қайта өтінім бергенімен, бұл жағдай нарық қатысушыларын алаңдатты.
Қазіргі ахуал 2025 жылды еске салады. Сол жылы Дональд Трамп АҚШ-қа импортқа салынатын баж салығын көтеретінін жариялағаннан кейін сәуір айында IPO нарығы іс жүзінде тоқтап қалған еді.
Инвесторлар демалыс күндері болған оқиғаларды талдап жатыр. Әзірге жағдай ушықпайды деген үміт бар, - деді JPMorgan & Chase Co. компаниясының жаһандық капитал нарықтары бөлімінің басшысы Кевин Фоли.
Сонымен бірге қақтығыс әскери өнім жеткізушілерінің инвестициялық тартымдылығын арттырды. Patriot зымырандарын жеткізетін Vincorion компаниясы Франкфурт биржасында акцияларын орналастыруды жоспарланған мерзімнен ертерек бастауға ниетті.
BNP Paribas SA компаниясының Солтүстік Еуропа, Таяу Шығыс және Африка бойынша акция нарықтары бөлімінің жетекшісі Антуан Нобло IPO табысты өтуі көбіне компанияның қай салаға тиесілі екеніне байланысты болатынын айтады.
IPO-ның сәтті өтуі үшін салалық ерекшелік шешуші рөл атқарады. Сонымен қатар мәміле нарыққа жылдам шығу және қажет болғанда тез шегіну мүмкіндігін ескеріп құрылуы керек, - деді ол.
Жалпы алғанда, қор нарығындағы IPO көлемі пандемия кезеңінде тіркелген рекордтық деңгейден әлі де төмен. Әдетте әлемдегі ең белсенді нарықтардың бірі саналатын АҚШ-та да Таяу Шығыстағы қақтығыс басталғанға дейін-ақ алаңдаушылық белгілері байқалған.
Соңғы IPO-лардың нәтижелері көңіл көншітпейді және қор нарығындағы ахуал қолайсыз. Сондықтан жақын уақытта көпшілік компаниялар үшін IPO өткізу мүмкіндігі іс жүзінде жабық деуге болады. Егер Иранмен қақтығыс бірнеше күннен бірнеше аптаға созылса, IPO нарығының қалпына келуіне айлар кетуі мүмкін, - деп атап өтті Колумбия бизнес мектебінің сарапшысы, бұрын Barclays Plc компаниясында жаһандық акция нарықтары бөлімін басқарған Дэвид Эриксон.