24 Қараша 2026, 16:30 Фото: istockphoto.com

iPhone-ыңыз бұғатталуы мүмкін: Қазақстанда 23 мың смартфон верификациядан өтпеген

Ал сатып алушылардың оларды сатушыға қайтаруға құқығы бар.

Қазақстанда верификациядан өтпеген 23 мың iPhone анықталды. Мұндай смартфондар бұғатталуы мүмкін, ал сатып алушылардың оларды сатушыға қайтаруға құқығы бар, деп хабарлайды BAQ.KZ тілшісі.

Бұл туралы Жасанды интеллект және цифрлық даму министрлігіне қарасты Телекоммуникациялар комитетінің төрағасы Дамир Сейсембеков Үкіметте өткен баспасөз мәслихатында мәлімдеді. 

Комитет басшысы жаңа iPhone смартфондарын верификациялай алмай жүрген қазақстандықтардың шағымына түсініктеме берді.

Журналистер ведомство өкіліне шетелден сатып алынған iPhone смартфондарын верификациялау кезінде қиындықтар туындап, азаматтар бұл мәселеге қатысты шағымданып жатқанын жеткізді.

Алайда комитет басшысы мәселенің ауқымды сипат алғанымен келіспейтінін айтты. Оның айтуынша, iPhone 18 смартфоны сатылымға шыққан 2026 жылдың қыркүйек айының соңынан қазанға дейін елде барлығы 279 мың жаңа құрылғы пайда болған. Ал олардың 85 пайызы Қазақстанда сатып алынған және сәтті верификациядан өткен.

Қалған 15 пайызы, яғни 23 мың құрылғы түрлі себептерге байланысты верификациядан өтпеді. Олардың арасында алаяқтық белгілері бар өтінімдер анықталды. Мәселен, бір IP-мекенжайдан мыңдаған телефонды тіркеуге өтінім берілген. Қазір мұндай жағдайлармен құзырлы органдар айналысып жатыр. Бұл құрылғыларды "сұр" дилерлер немесе шетелден әкелген болуы мүмкін, – деді ол.

Комитет төрағасы жаңа талаптарға сәйкес, қазақстандықтар мен телефон пайдаланушыларына құрылғыны верификациялау үшін 30 күн уақыт берілетінін атап өтті. Осы мерзім ішінде тіркеуден өтпеген телефондар кейін «қара тізімге» енгізіліп, бұғатталады.

Заңнамаға енгізілген түзетулер күшіне енді. Соған сәйкес, егер сіз верификациядан өтпеген телефон сатып алсаңыз, оны кез келген уақытта сатушыға қайтаруға құқылысыз. Ал сатушының міндеті – тек верификациядан өткен телефондарды сату, – деді Дамир Сейсембеков.