Алматыда iPhone-ға кезек қып-қызыл бизнеске айналды
Нұр-Сұлтан, BAQ.KZ. Қазнетте Алматы қаласының дүкендерінің бірінде iPhone-ға деген кезек талқылып жатыр.
«Мен кезекте тұрудың дәуірі өтті ме деп ойлағанмын. Бұл жаңа айфонға деген кезек дейді», - деп жазды Нүркен Халықберген Facebook-тегі парақшасына. Сонымен қатар ол кезектің суретін де салып қойған.Бірақ сағат 10:00-де Tengrinews.kz сайтының тілшісі аталған дүкеннің алдында ешқандай кезекті көрмеген. Сол жердегі адамдардан сұрастырғанда олар да әлеуметтік желідегі «айфонға тұрған кезекті» көреміз деп келгендер екен. Бірақ олар да кезекте тұрған адамдарды көрмеген.
«Жай көруге келдім, қанша тұрады, қандай екен деп. Дәл қазір телефон алайын деген ойым жоқ», - деді дүкенге келушілердің бірі.
Желіде суреті таралған кезектің шын не өтірік болғаны белгісіз.
Бірақ дүкеннің өзінде кезек болды дейді.
«Кезек таңғы сағат 8-де болды. Дүкен болса сағат 9:00-де ашылады. Біз барлық адамдарды қала бойынша дүкендерімізге бөліп тастадық. Осы уақытқа дейін біз өзімізге бөлінген топқа қызмет көрсетіп болдық. Сатылымға бір күн қалғанда біз адамдарға қоңырау шалдық. Олар телефонды алдын ала тапсырыс бойынша бөліп төлеуге рәсімдеді», - деді дүкендегілер.
Тағы бір сатып алушы телефонды алдын ала тапсырыс бойынша сатып алғанын айтты.
«Жаңа айфон шығысымен оны сатып алғым келді. Кеше алдын ала тапсырысқа тапсырыс беріп қойдым. Бүгін телефонымды алып кетуге келдім», - деді жаңа смартфон иесі.
20 қыркүйек күні жаңа iPhone сатылымға шыққан еді. Смартфон iPhone 11, iPhone 11 Pro и iPhone 11 Pro Max комплектациясында қолжетімді. Қазақстанда жаңа гаджеттер 27 қыркүйек күні сатылымға шықты. Осы уақытқа дейін смартфондар кей дүкендерде алдын ала тапсырыс бойынша қолжетімді болған.
Ал қаланың пысықайлары болса, смартфонға деген кезектің өзін қып-қызыл бизнеске айналдырып жіберген. Бұл туралы BaigeNews.kz сайты хабарлады.
OLX сайтында кезектегі орындарды да сатып жатыр. Бағалары 20 мен 130 мың теңге аралығында.
Тұрғындар жауынға қарамастан жаңа IPhone11 сатып алу үшін бірнеше сағат кезекте тұрған.