Иорданияда Қазақстанның фармацевтика саласына инвестиция тарту мәселесі талқыланды
Қазақстанның Иорданиядағы елшілігінің инвестиция тарту бойынша жүргізіп жатқан жұмысы аясында Қазақстан елшісі Айдарбек Тұматов бірқатар жетекші иорданиялық фармацевтикалық компанияларының басшыларымен кездесті, деп хабарлайды BAQ.KZ.
Кездесу барысында Қазақстанның инвестициялық ахуалы мен фармацевтикалық саласының әлеуеті таныстырылды.
Сонымен қатар жергілікті және сыртқы нарыққа заманауи медициналық өнімдерінің кең түрін өндіретін иорданиялық жетекші кәсіпорындардың бірі «Al-Taqaddom Pharmaceutical Industries» («TQ PHARMA») компаниясына сапар жасалды.
Компанияның бас офисы және өндірістік алаңдарын аралау барысында Қазақстанның фармацевтикалық кешеніне инвестициялаудың практикалық аспектілері, атап айтқанда, мемлекеттік қолдау шаралары, сатып алу-сату шартын жасасу мүмкіндіктері, дәрілік заттарды тіркеу және сертификаттау мәселелері талқыланды.
«TQ PHARMA» бас директоры Фарук Мурад Қазақстанның кең және қарқынды дамып келе жатқан фармацевтикалық нарығына қызығушылықты атап өтіп, елімізде дәрі-дәрмек өндіру бойынша инвестициялық жобаны жүзеге асыру мүмкіндігін зерттеуге дайындығын білдірді.