Иордания Сенатының төрағасы Қазақстанда өткен сайлауды жоғары бағалады
Қазақстан елшісі Айдарбек Тұматов Иордания Парламенті Сенатының төрағасы Фейсал әл-Файезбен кездесті, деп хабарлайды BAQ.KZ.
Елші Ф. әл-Файезды Парламент Сенатының Төрағасы қызметіне қайта сайлануымен құттықтап, оған Қазақстан Парламенті Сенатының Төрағасы Мәулен Әшімбаевтың атынан құттықтау хатты табыс етті.
Кездесу барысында тараптар Қазақстан мен Иордания арасындағы екіжақты ынтымақтастығының ағымдағы жағдайы туралы пікір алмасты. Қазақстандық дипломат сұхбаттасты 2022 жылғы 20 қарашада Қазақстанда өткен президенттік сайлаудың қорытындылары және жаңадан сайланған ҚР Президенті Қасым-Жомарт Тоқаев жариялаған ауқымды саяси және экономикалық реформалар туралы хабардар етті.
Өз тарапынан, Иордания Сенатының Төрағасы өткен сайлауға жоғары баға беріп, жаңа 7 жылдық мерзім Қазақстан Президентіне елдің саяси, әлеуметтік-экономикалық жүйесін жаңғырту жөніндегі мәлімделген қадамдарды тиімді іске асыруға мүмкіндік беретініне сенім білдірді.