Инвесторларға арналған салықтық жеңілдіктер Қазақстанға 10 млрд доллардан астам инвестиция тартуы мүмкін
Инвесторлар корпоративтік табыс салығы мен жер салығынан 10 жылға босатылады.
Қазақстанда жаңа Салық кодексінің арқасында 10 млрд доллардан астам инвестиция тарту күтіліп отыр. Бұл туралы Астанада өткен халықаралық геологиялық форумда Өнеркәсіп және құрылыс вице-министрі Иран Шархан мәлімдеді.
Оның айтуынша, кен орындарын игеру жобалары көбіне ілеспе инфрақұрылым нысандарының құрылысымен қатар жүреді. Олардың қатарында тау-кен байыту комбинаттары, өңдеу зауыттары, электр жеткізу желілері, жылу электр орталықтары және басқа да нысандар бар. Заңнамаға енгізілген өзгерістерге сәйкес, инвестиция көлемі 500 млн доллардан асатын жағдайда мұндай келісімдерді жасауға мүмкіндік берілген.
Мұндай ірі инвестициялық жобаларды жүзеге асыру қомақты қаржы талап ететіндіктен, оларға арнайы салықтық инвестициялық жеңілдіктер қарастырылған.
Жаңа Салық кодексіне сәйкес, осындай келісімдер аясында инвесторлар 10 жылға корпоративтік табыс салығы мен жер салығынан, 8 жылға мүлік салығынан, сондай-ақ 5 жылға жабдық импортында қосылған құн салығынан босатылады. Біздің есептеулеріміз бойынша, ұсынылған шаралар 10 млрд АҚШ долларынан астам инвестиция тартуға және 10 мыңнан астам жаңа жұмыс орнын ашуға мүмкіндік береді, - деді вице-министр.