Қазақстан жеті елде инвесторларды қолдау орталығын ашады
Үкімет инвесторларға қатысты бюрократияны түбегейлі қысқартпақ.
Қазақстан Республикасының Премьер-министрі Олжас Бектенов Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев тапсырмаларын жүзеге асыру шеңберінде инвесторлар құқықтарын қорғау, инвестициялық жобаларды жүзеге асырудағы тосқауылдарды жою және шетелдік капиталды тарту жұмысын күшейту мәселелері бойынша кеңес өткізді.
«Kazakh Invest» ҰК» АҚ басқарма төрағасы Сұлтанғали Кенжеқұлов инвестициялық циклдің жаңа архитектурасы шеңберінде сыртқы контурды күшейту тәсілдері туралы баяндады. Компания АҚШ, Германия, Қытай, Ресей, Түркия, Малайзия және Катар сияқты 7 негізгі елде толыққанды қатысуын қалыптастырды.
Шетелдегі өкілдіктер «бір терезе» қағидаты бойынша жұмыс істейтін инвесторларды қолдау орталықтарына айналдырылады. Бұл ретте инвесторға жобаны пысықтау кезеңінде Қазақстанға келудің қажеті болмайды — мәселелер шетелдегі кеңселер арқылы сол жерде шешіледі.
Жиын қорытындысы бойынша Премьер-министр бірқатар тапсырма берді.
Инвестициялық жобаларды жүзеге асыру мәселелері бойынша: әкімшілік кедергілерді анықтау және жою мақсатында заңнамаға ревизия жүргізу. Өтініштерді талдау қорытындысы бойынша анықталған заңдылықтар мен институционалдық шектеулер негізінде нормативтік құқықтық актілерді жетілдіру жөнінде шаралар қабылдау.
Инвесторлардың өтініштері бойынша: оларды «бір цифрлық терезе» қағидаты негізінде мониторингтеу және жасанды интеллект құралдарын қолдана отырып жедел әрекет ету бойынша жүйелі жұмысты жолға қою. Барлық инвестициялық жобаларды Ұлттық цифрлық инвестициялық платформаға (ҰЦИП) енгізуді аяқтау, сондай-ақ инвесторлар мен мемлекеттік органдар арасындағы хабар алмасу функциясы бар платформаның мобильді қосымшасын іске қосуды жеделдету. Елімізде жүзеге асырылған және жүзеге асырылып жатқан барлық инвестициялық жобалар бірыңғай цифрлық контурда шоғырландырылуы тиіс.
Сыртқы бағыттағы жұмысты күшейту бойынша: «Kazakh Invest»-ке СІМ-мен бірлесіп шетелдегі өкілдіктерді толыққанды іске қосу үшін ұйымдастырушылық және кадрлық мәселелерді жедел шешу, сондай-ақ «Kazakh Invest»-тің барлық шетелдік кеңселерінің жұмысын стандарттауды қамтамасыз ету тапсырылды.
Инвестициялық келісімшарттар мен жер мәселелері бойынша: инвесторларға рұқсат беру құжаттарын инвестициялық келісімшарттарды келісу және қол қою мерзімдерін түбегейлі қысқарта отырып, пакеттік қағидат бойынша ұсыну тапсырылды. Сонымен қатар жер ресурстарын басқаруға қатысты шашыраңқы ақпараттық жүйелерді бірыңғай цифрлық контурға біріктіру қажет.
Барлық ХҚКО-ларда инвесторларға қызмет көрсетуге арналған мамандандырылған терезелер ашылып, мемлекеттік қызметтер басым және жедел тәртіпте көрсетілуі тиіс. Облыстық және аудандық ХҚКО директорларын өңірлік инвестициялық штабтардың құрамына енгізу.
«Атамекен» Ұлттық кәсіпкерлер палатасына мемлекеттік органдармен, ұйымдармен және отандық инвесторлармен өзара іс-қимылдың бірыңғай регламентін бекіту қажет.
Инвесторларға салықтық жеңілдіктер беруге қатысты тәсілдерді атаулылық, экономикалық тиімділік және бұрын көрсетілген салықтық емес мемлекеттік қолдау шараларын ескере отырып әзірлеу міндеті қойылды.