Бүгiн 2026, 16:09 Фото: Бас прокуратура

Инвесторға қысым болмайды: Прокуратура жаңа тәртіп енгізді 

Қазақстанда инвестицияларды қорғау – ең маңызды мемлекеттік басымдықтардың бірі

Бас прокуратурада Берік Асыловтың төрағалығымен отандық және шетелдік инвесторлар өкілдерінің қатысуымен инвестицияларды қорғау жөніндегі форум басталды, деп хабарлайды BAQ.KZ

Форум жұмысына Қазақстан Республикасы Президент Әкімшілігінің, Үкіметтің, Парламент Мәжілісінің, «Атамекен» ұлттық кәсіпкерлер палатасының, Біріккен Ұлттар Ұйымының, Еуропадағы қауіпсіздік және ынтымақтастық ұйымының, Қазақстан инвесторлары қауымдастығының өкілдері, сондай-ақ Еуропалық Одақтың елшісі қатысуда.

Сонымен қатар, бейнеконференция байланысы арқылы форумға өңірлердің әкімдері мен прокурорлары, сондай-ақ бизнес өкілдері қатысуда.

Форумның ашылуында Бас Прокурор Берік Асылов бұл іс-шара Қазақстанда инвестицияларды қорғау – ең маңызды мемлекеттік басымдықтардың бірі екенін айқын дәлелдейтінін атап өтті.

Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Кемелұлы нақты ұстанымды айқындады: инвестор нақты қорғауды сезініп, ашықтық пен тұрақтылыққа сенімді болуы тиіс. Дәл осы қағидаттар еліміздің заманауи инвестициялық саясатының негізі болып отыр, – дейді ол.

Бас Прокурордың айтуынша, Қазақстан 48 үкіметаралық инвестицияларды көтермелеу және өзара қорғау туралы келісімге қол қойып, елімізде қолайлы инвестициялық ахуал үшін сенімді құқықтық негіз қалыптастырды.

Ол сондай-ақ Конституцияға сәйкес прокурорларға заңдылықтың сақталуына жоғары қадағалау функциясы жүктелгенін, оның аясында азаматтар мен бизнестің құқықтары қорғалатынын жеткізді.

Бүгінде біз екі мың инвесторға көмек көрсетіп, 30 мың жұмыс орнын қамтитын 250-ден астам жобаның іске қосылуын қамтамасыз еттік, – деді Асылов.

Оның сөзінше, Қазақстан прокуратурасы тікелей Мемлекет басшысына бағынады, басқа мемлекеттік органдардан тәуелсіз және кез келген құқық бұзушылықтарға жедел әрекет етуге қабілетті.

Инвесторларды қорғау тетігін одан әрі күшейту мақсатында Мемлекет басшысының Жарлығымен Инвестициялық омбудсменнің функциялары Бас Прокурорға жүктелген.

Бас прокуратура базасында Инвесторлардың құқықтарын қорғау комитеті құрылды. Өңірлерде инвестициялық прокурорлар тағайындалған.

Қазақстандағы әрбір маңызды инвестициялық жоба прокурорлық сүйемелдеуде болады. Әрбір инвесторға нақты прокурор бекітіледі, – деді ол.

Қазіргі уақытта заңнамада барлық мемлекеттік органдар үшін «прокурорлық сүзгі» тетігі көзделген. Бұл механизмге сәйкес, прокурордың келісімінсіз инвесторды тексеруге, оның қызметін тоқтатуға немесе лицензиясын кері қайтарып алуға жол берілмейді.

Егер мемлекеттік органның шешімі немесе әрекеті заңсыз болса – біз оны жоямыз, ал кінәлі лауазымды тұлғалар жауапкершілікке тартылады. Егер заңнамада кедергілер болса – олар да жойылатын болады, – деді Бас Прокурор.

Ол Комитетке мемлекеттік органдардың заңға тәуелді актілерін ревизиялауды тапсырғанын атап өтті.

Сонымен қатар, Бас Прокурор Үкімет жанындағы Инвестициялық штабтың бизнестің мәселелерін жедел шешудегі негізгі рөлін атап өтті.

2 жыл ішінде 200-ден астам инвестициялық жоба қаралды. Жобалардың жалпы сомасы – 100 млрд АҚШ долларынан астам. Инвестициялық келісімдердің көлемі 15 есеге өсті. Бұл – инвесторлардың сенімінің көрсеткіші және тиімді үйлестірудің нәтижесі, – дейді ведомство басшысы.

Форумда сөз сөйлеген Қазақстан Республикасының Премьер-Министрінің Бірінші орынбасары Роман Скляр ел экономикасының тұрақты өсім көрсетіп отырғанын айтты.

Өткен жылдың қорытындысы бойынша ішкі жалпы өнім 6,5%-ға өсті. Тікелей шетелдік инвестициялар 14,4%-ға өсіп, 20,5 млрд долларға жетті. Негізгі капиталға салынған инвестициялар 13%-ға ұлғайып, 22,7 трлн теңгеге жетті, – дейді ол.

Сондай-ақ, өткен жылы жалпы құны 10 млрд доллардан асатын 330 жоба іске қосылғаны атап өтілді. Мәжіліс вице-спикері Дания Еспаева инвесторларды қорғауда прокуратура органдарының рөлін атап өтті.

Ал «Атамекен» ұлттық кәсіпкерлер палатасы Президиумының төрағасы Қанат Шарлапаев инвестициялық климаттың тұрақтылығының маңызын айтты.

Бизнесті ұзақмерзімді жоспарлау үшін “ойын ережелері” болжамды және тұрақты болуы аса маңызды, – деді ол.

Форумда сондай-ақ Инвесторлардың құқықтарын қорғау комитетінің төрағасы Бауыржан Ералы, Сыртқы істер министрінің орынбасары Әлібек Қуантыров баяндама жасады.

Бауыржан Ералының айтуынша, елде алғаш рет инвесторлардың құқықтарын қорғаудың біртұтас вертикалы құрылған.

Әр жобаның өзіне тағайындалған жеке прокуроры болады. Сүйемелдеу нақты уақыт режимінде цифрлық инвестициялық платформа арқылы жүргізіледі, – деді ол.

Әлібек Қуантыров Қазақстанға тартылған инвестициялар көлемі тұрақты өсіп отырғанын айтты.

Тәуелсіздік алғаннан бері ел экономикасына 480 млрд АҚШ долларынан астам инвестиция тартылды. 2025 жылы тікелей шетелдік инвестиция көлемі 20,5 млрд долларға жетті, – деді ол.

Форумда халықаралық және отандық компания өкілдері де сөз сөйлеп, инвестициялық жобаларды іске асыру барысында көрсетілген қолдау үшін алғыс білдірді.