Бүгiн 2026, 11:15 Фото: ©BAQ.KZ архиві

Инвестициялық «әткеншек»: Таяу Шығыстағы дағдарыс қазақстандық «көгілдір фишкаларға» қалай әсер етуде?

Қымбат мұнай акцияларды жоғары тартып отыр, бірақ бәріне бірдей оң әсер етпейді.

Таяу Шығыстағы жағдайдың шиеленісуі әлемдік шикізат нарықтарындағы құбылмалылықты күшейтіп, Қазақстанның ірі компаниялары акцияларының динамикасына әсер етті. Геосаяси шиеленіс аясында мұнай бағасы өсім көрсетсе, уран нарығында керісінше түзету кезеңі басталды. Бұл Қазақстан үшін бір жағынан қолайлы макроэкономикалық жағдай қалыптастырса, екінші жағынан қаржы нарықтарындағы белгісіздікті арттырды. BAQ.KZ тілшісі бұл мәселеге қатысты қаржы сарапшыларынан пікір білді.

Қазақстан қаржыгерлер қауымдастығының бас сарапшысы Рамазан Досовтың айтуынша, қақтығыстың әсері бірден бірнеше арна арқылы көрінеді: мұнай бағасы, логистика, валюта бағамы, инфляция және инвесторлардың тәуекелге деген тәбеті.

Жалпы алғанда, қазақстандық “көгілдір фишкалар” үшін қолайлы фон қалыптасып отыр. Өйткені негізгі фактор – шикізат бағасының өсуі, ол ел ішіндегі макроэкономикалық жағдайға айтарлықтай ықпал етеді, – деді сарапшы.

Мұнай-газ секторы экономикадағы негізгі драйвер болып қала береді: ол ЖІӨ-нің шамамен 20%-ын құрайды, шоғырландырылған бюджеттің 30%-дан астам кірісін қамтамасыз етеді және экспорттың жартысынан көбін береді. Мұнай бағасының өсуі сауда теңгерімін жақсартып, валюталық түсімдерді арттырады және теңге бағамын қолдайды. Осыған байланысты ең алдымен шикізат секторындағы компаниялар ұтады – олардың экспорттық кірістері мен инвестициялық тартымдылығы артады.

Бұл үрдіс нарықта да көрініс табуда: «ҚазМұнайГаз» акциялары 9,0%-ға, «ҚазТрансОйл» 18,6%-ға өсті.

Сонымен қатар, қазіргі жағдайдың әсері біркелкі емес. Отын бағасына және логистикаға тәуелді салалар, әсіресе авиация, қысымға ұшырап отыр. Бұған қоса, уран нарығындағы түзету де әсер етуде.

Таяу Шығыстағы геосаяси жағдайдың ушығуы, жеткізілімдердің үзілу қаупі және жаһандық ұсыныстың төмендеуіне қатысты күтулер мұнай бағасының өсуіне ықпал етіп отыр. Бұл бағада геосаяси тәуекелге арналған үстеме қалыптастырады. Ал уран нарығында соңғы жылдардағы айтарлықтай өсімнен кейін шамалы түзету байқалады (қақтығыс басталғалы бері –1,3%). Бұған инвесторлардың пайдасын бекітуі, энергетикалық компаниялардағы қорлардың жиналуы және қысқа мерзімде сұранысты күрт арттыратын факторлардың болмауы әсер етуде, – деп түсіндірді сарапшы.

Әртүрлі динамика акция бағасына да әсер етті: «Қазатомөнеркәсіп» қағаздары 0,5%-ға төмендеді. Мұнай бағасының өсуі оң әсер еткенімен, жаһандық тұрақсыздық нарыққа қысым көрсетіп отыр.

Таяу Шығыстағы жағдайдың ушығуына байланысты әлемдік тұрақсыздық ірі қазақстандық компаниялардың акцияларына екі түрлі әсер етеді. Бір жағынан, мұнай бағасының өсуі сауда теңгерімін жақсартып, валюталық түсімдерді көбейтеді және теңгені қолдайды. Екінші жағынан, жаһандық тәуекелге деген тәбеттің төмендеуі байқалады. Мұндай кезеңдерде инвесторлар дамушы нарықтарға салымдарын азайтады, бұл құбылмалылықты арттырып, компаниялардың іргелі көрсеткіштеріне қарамастан акция бағасына қысым түсіреді, – деді Досов.

Осы жағдай аясында KASE биржасында сауда белсенділігі артқан.

Бұл мұнай бағасының өсуі аясында шикізат компаниялары акцияларына инвесторлардың қызығушылығының артуымен байланысты. Сыртқы жаңалықтар фонының күшеюі нарық қатысушыларының белсенділігін арттырып, қысқа мерзімді алыпсатарлық сауданы күшейтеді, – деп қосты сарапшы.

Оның айтуынша, геосаяси шиеленіс кезеңінде баға ауытқулары күшейіп, белгісіздік артады. Бұл компаниялардың іргелі көрсеткіштері тұрақты болған жағдайда да акция бағасының күрт өзгеруіне әкеледі. Сонымен қатар, сыртқы жаңалықтарға жедел әрекет ететін қысқа мерзімді инвесторлардың белсенділігі де әсер етеді.

Ал Геннадий Ким бұл үдерістердің екіжақты сипатын атап өтті.

Таяу Шығыстағы жағдайдың ушығуы әдетте мұнай бағасының өсуіне әкеледі, өйткені жаһандық жеткізілімдерге қауіп төнеді. Қазақстан үшін бұл негізінен оң фактор, себебі біздің “көгілдір фишкалардың” басым бөлігі шикізат секторына жатады және олар шикізат бағасына тікелей немесе жанама тәуелді. Қысқа мерзімде мұнай бағасының өсуі мұнай-газ компанияларының акцияларын қолдап, жалпы Қазақстан нарығына инвесторлардың қызығушылығын арттыруы мүмкін, – деді ол.

Сонымен қатар, ол нарық реакциясының аралас екенін атап өтті: шикізат бағасының өсуі экономиканы қолдағанымен, жаһандық тәуекелдер инвесторлардың сақтығын күшейтеді.

Ал уран нарығы басқа логикамен жұмыс істейді. Соңғы жылдардағы айтарлықтай өсімнен кейін қазіргі уақытта баға түзетіліп жатыр. Бұл инвесторлардың пайдасын бекітуімен және сұраныс пен ұсыныс арасындағы тепе-теңдіктің қалыптасуымен байланысты. Қазақстан үшін бұл әртүрлі бағыттағы әсерді білдіреді, – деді Ким.

Жаһандық тұрақсыздық инвестициялық стратегияларды қайта қарауға мәжбүр етуде.

Банктер, финтех компаниялар және басқа ұйымдар көбіне инвесторлардың көңіл-күйіне және экономиканың жалпы жағдайына тәуелді. Қазіргі жаһандық турбуленттілік жағдайында қазақстандық компаниялардың акциялары тұрақты кезеңдермен салыстырғанда анағұрлым құбылмалы болуы мүмкін, – деді сарапшы.

Кимнің айтуынша, мұндай кезеңдерде инвесторлар сақтық танытып, алыпсатарлық инвестицияларды азайтады және тұрақты ақша ағымы мен сенімді дивидендтік саясатқа ие компанияларға басымдық береді.

Оның сөзінше, KASE нарығында бұл консервативті стратегиямен көрінеді – инвесторлар ұзақ мерзімді позицияларды жиі ұстап, тұрақты компанияларды таңдайды. Сонымен қатар, қазақстандық инвесторлар тек жаһандық күн тәртібіне емес, компаниялардың пайдасы, дивидендтік саясаты және бизнес тұрақтылығы сияқты іргелі көрсеткіштерге де назар аударады.

Осылайша, мұнай бағасының өсуі белгілі бір қолдау көрсеткенімен, қазақстандық нарық сыртқы факторларға тәуелді болып қала береді және жақын болашақта жоғары құбылмалылық сақталады.