Инвестициялар тартуға басым 40 ел айқындалды – СІМ
Нұр-Сұлтан, BAQ.KZ тілшісі. Сыртқы істер министрі Бейбіт Атамқұлов Қазақстанға инвестициялар тарту бойынша министрліктің атқарып отырған іс-шараларын баяндады.
«Инвестицияларды тарту бойынша кешенді үш деңгейлі экожүйе салынып жатыр. Әрбір салалық министрлікте, әкімдікте және ұлттық компанияларда инвестициялық жұмыс пен экспортқа жеке жауапты басшылардың орынбасарлары белгіленді. Дипломатиялық миссиялар басшыларының алдына нақты міндеттер мен тиімді көрсеткіштер қойылды. Шетелдердегі мекемелеріміз 650 жаңа компаниямен кездесулер өткізді. Әлеуеті жоғары 78 жоба қарастырылды. 12 инвестициялық іс-шара өткіздік. Инвестициялар тартуға басым 40 ел айқындалды. Негізгі назар АҚШ, Германия және Жапонияға бағытталған», - деп айтты Атамқұлов.Министр қазіргі таңда министрліктің Kazakh Invest ҰК АҚ базасында ақпараттық мониторинг жүйе – CRM ұйымдастырылғанын атап өтті.
«Бұл жүйе бүкіл мүдделі ұйымдардың инвесторларға барлық деңгейде қолдау көрсету бойынша өзара іс-қимыл процесін автоматтандыруға мүмкіндік береді. Мониторинг жүйесіндегі шетелдіктердің қатысуымен 40 млрд АҚШ долларынан астам соманы құрайтын 174 жоба бар. Әрбір жоба үшін жол картасы әзірленіп бекітілген. Инвестициялық климат бойынша инвесторлар шетел инвесторлар кеңесі, инвестициялық ахуалды жақсарту жөніндегі кеңес, Еуропалық қауымдастық сияқты барлық диалог алаңдарында жүйелі проблемалар бойынша мәселелерді бірнеше рет көтерді», - деп атап өтті Сыртқы істер министрі.
Ол көтерілген мәселелер легін атап өтті: бірінші – заң үстемдігі; екінші – теңге курсының құбылмалылығы мәселесі; үшінші – инфрақұрылым тарту және жер учаскелерін бөлуге қатысты проблемалар; төртінші – салықтық құқық бұзушылықтарды қылмыс деп танымау мәселесі; бесінші – миграция, визалық мәселе.
«Барлық мәселе 18 сәуірде сіздің төрағалығыңызбен өткен инвестициялар тарту жөніндегі жиналыста айтылды. Жоғарыда аталған барлық проблемалар бойынша тұжырымдамалар дайындап, Ұлттық экономика министрлігіне жібердік. Қазіргі таңда шетелдік инвесторларды тарту үшін көршілес елдер инвестициялық заңнамаларды жақсарту бойынша түбейгейлі шаралар қабылдауда. Қазақстанға да өңірлік деңгейде өз жетістіктерін сақтап қалу үшін қолданыстағы заңнаманы жаңғырту және өзгерту қажет. Біз Астана халықаралық қаржы орталығы жанынан инвестицияларды тарту бойынша экожүйе құру жөніндегі ұсынысты толық қолдаймыз. Сыртқы істер министрлігінің және ҚР елшіліктерінің соңғы үш айдағы тәжірибесіне сай, келіссөздер өткізу барысында инвесторлар Астана халықаралық қаржы орталығының базасында инвестициялық хаб құру идеясын оң қабылдайтынын көрсетті», - деп айтты Атамқұлов Үкімет отырысында.
Бөлісу:
Қысқа да нұсқа. Жазылыңыз telegram - ға
Келесі жаңалық
Ұлттық банк коллекциялық монеталарды айналымға шығарады
Өзгелердің жаңалығы