Бүгiн 2026, 15:03 Фото: ©BAQ.KZ коллажы

"Инвестиция мен шикізатқа ғана сүйену дұрыс емес": Сарапшы OPEC+ шешімін түсіндірді 

Сәуір айының басында OPEC және оған мүше емес елдерден құралған OPEC+ альянсы мұнай өндіру көлемін ұлғайту туралы келісім қабылдады.

Соңғы шешімге сәйкес, қатысушы негізгі елдер өндірісті тәулігіне 206 мың баррельге арттырады. Бұл өзгеріс 2026 жылдың мамыр айынан бастап күшіне енеді, деп хабарлайды BAQ.KZ тілшісі. 

Бұған дейін дәл осындай көлемдегі өсім сәуір айына да бекітілген. Осылайша альянс өндірісті кезең-кезеңімен көбейту саясатын жалғастырып отыр.

Қабылданған шешім соңғы жылдары енгізілген шектеулердің біртіндеп жеңілдетілуімен байланысты. 2023 жылдан бері OPEC+ мұнай бағасын тұрақтандыру үшін өндірісті тәулігіне 1,65 млн баррельге қысқартты. Кейін қосымша 2,2 млн баррель көлеміндегі шектеу енгізілді. Қазіргі келісім осы қысқартуларды толық емес, кезең-кезеңімен қайтаруға бағытталған.

Соған қарамастан, нарықтағы жағдай тұрақсыз күйінде қалып отыр. Таяу Шығыстағы геосаяси шиеленістер жеткізілімге қысым түсіріп отыр. Ормуз бұғазы арқылы әлемдік мұнайдың шамамен 20 пайызы тасымалданады. Қазіргі жағдайда тәулігіне 15 млн баррельге дейінгі көлем тәуекел аймағында. Осы факторлар мұнай бағасының өсуіне әсер етті. Brent маркалы мұнай бағасы барреліне 109–120 доллар аралығында қалыптасты. Наурыз айында өсім 50 пайыздан асты.

Осындай жағдайда OPEC+ өндірісті күрт арттырудан бас тартып, сақтық стратегиясын таңдады. Тәулігіне 206 мың баррель көлеміндегі өсім нарықтағы жалпы тапшылықты толық жабуға жеткіліксіз. Сондықтан бұл шешім нарыққа бағытталған сигнал ретінде бағаланып отыр. Альянс ұсынысты бақылауда ұстап, бағаның күрт төмендеуіне жол бермеуді көздейді.

Қазақстан мұнай сервистік компаниялары одағының төрағасы Рашид Жақсылықов бұл үдерістің мәнін түсіндірді. Оның айтуынша, OPEC тікелей өндіріске араласпайды, бірақ нарықты реттеу арқылы баға теңгерімін ұстап тұрады.

OPEC өндіріске ешқандай қатысы жоқ. Ұйым өндіріліп жатқан шикі мұнайды реттеп отырады. Өйткені нарық қызып кетпеуге тиіс. Егер кез келген мемлекет сұраныстан ұсынысты көп беріп қойса, мұнайдың бағасы түсіп кетеді. Егер мұнай бағасы төмендесе, мұнайды өндіру құны ақталмай қалады. Сондықтан тұтынушыға да, халыққа да, өндірушіге де тиімді баға барреліне 50 доллардың төңірегінде. Сондықтан OPEC шикі мұнайдың өндірілуін қадағалайды, – дейді ол.

Сарапшы мұнай саласының тек өндіріспен шектелмейтінін атап өтті. Оның сөзінше, бұл сала қызмет көрсететін тұтас экожүйеден тұрады.

Алайда өндіріс тек шикі мұнайдан тұрмайды. Ол шикі мұнайға қызмет көрсететін салалардан тұрады. Бізге нарықтың тарлығы ғана емес, өндірістің ұзақмерзімді тиімділігін дұрыс түсінбеу кедергі болып отыр. Бұл көбіне сыртқы фактордан емес, ішкі жоспарлаудың әлсіздігінен, – дейді Жақсылықов.

Ол Қазақстанның тек шетелдік инвестицияға тәуелді болмауы керектігін айтты.

Тек шетелдіктердің барлауы мен инвестициясына қарап отыру дұрыс емес. Қазір инвесторларды шикізат қоры қызықтырады. Бірақ біз отандық өндірісті, жеңіл өнеркәсіпті дамытуға жеткілікті көңіл бөлмей отырмыз. Біз қашанға дейін тек шикізат сатамыз? Сондықтан әр салаға бейімделген мемлекеттік саясат қажет. Шикізатқа, инвестицияға және өндірістің басқа бағыттарына әртүрлі талап қойылуы тиіс, – дейді ол.

Жалпы алғанда, OPEC+ өндірісті арттыру туралы шешім қабылдағанымен, мұнай нарығындағы тәуекел жоғары деңгейде сақталып отыр. Геосаяси жағдай, жеткізілім тұрақтылығы және сұраныс динамикасы алдағы кезеңдегі бағаға негізгі әсер етуші факторлар болып қала береді.