Инвестиция тарту саясаты қайта қарастырылады – Әбдіқадыров
Нұр-Сұлтан, BAQ.KZ тілшісі. Қазақстанда инвестиция тарту саясаты қайта қарастырылады. Бұл туралы ҚР Ұлттық экономика вице-министрі Әлішер Әбдіқадыров хабарлады.
Бүгінде министрлік мемлекеттік органдармен және Дүниежүзілік банкпен бірлесіп, Қазақстан Республикасының 2025 жылға дейінгі жаңа инвестициялық саясатының Тұжырымдамасы әзірленуде. Тұжырымдама жаңа инвестициялық циклды қалыптастыруға және коронавирустық инфекция пандемиясынан туындаған жаңа трендтерді ескере отырып, инвестициялар тарту саясатын қайта қарастыруға мүмкіндік береді, - деді ол.
Вице-министрдің мәліметінше, Тұжырымдама аясында еңбек өнімділігін арттыруға және экспорттық қоржынды күрделендіруге бағытталған сапалы инвестициялар тартуға бағытталған жүйелі шаралар іске асырылады.
Сондай-ақ заңнама жетілдіріледі, елдік, салалық және өңірлік инвестициялық тартымдылық арттырылады. Тұжырымдаманы іске асыру үшін жүйелі және салалық шараларды іске асыру жөніндегі егжей-тегжейлі іс-қимыл жоспары әзірленетін болады, - деп атап өтті Әлішер Әбдіқадыров.
Сөз соңында министрдің орынбасары жоғарыда атап өткен жұмыстарды атқару экономиканы дамытудың және халықтың әл-ауқатын арттырудың түйінді драйверіне айналатын жаңа инвестициялық циклды іске қосуды қамтамасыз ететінін айтты.
Бөлісу:
Қысқа да нұсқа. Жазылыңыз telegram - ға
Өзгелердің жаңалығы