Интернеттен кастет алғандар ұсталып жатыр
Бас көлік прокуратурасы суық қарудың, соның ішінде кастеттердің заңсыз айналымының алдын алу бойынша кешенді шараларды күшейтті.
Бас көлік прокуратурасы суық қарудың заңсыз айналымына қарсы шараларды күшейтті. Интернеттегі кастет жарнамасы үшін жауапкершілік қарастырылып, бақылау күшейтілді, деп хабарлайды BAQ.KZ тілшісі.
Ведомствоның мәліметінше, бұл бағыттағы жұмыстар Қазақстан Республикасы Қылмыстық кодексінің 287-бабы аясында жүргізілуде.
Тергеу барысында күдіктілердің тыйым салынған заттарды интернет-дүкендер арқылы сатып алғаны анықталған. Осыған байланысты ҚР Мәдениет және ақпарат министрлігінің Ақпарат комитетімен бірлесіп жүргізілген жұмыстар нәтижесінде «Satu.kz» маркетплейсінде суық қаруды жарнамалау фактісі тіркелді.
Аталған заң бұзушылық үшін платформа ҚР Әкімшілік құқық бұзушылық туралы кодексінің 455-бабы бойынша әкімшілік жауапкершілікке тартылды. Қазіргі уақытта интернет-алаңдарда мұндай контентті бұғаттау шаралары қабылданып жатыр, - делінген хабарламада.
Сонымен қатар, көлік нысандарында – әуежайлар мен теміржол вокзалдарында – түсіндіру жұмыстары күшейтілген. Атап айтқанда, қылмыстық жауапкершілік туралы ескерту плакаттары мен баннерлер ілініп, тыйым салынған заттарды өз еркімен тапсыруға арналған арнайы жәшіктер орнатылған.
Бас көлік прокуратурасы азаматтарға суық қаруды заңсыз иемдену, сақтау, тасымалдау немесе өткізу қылмыстық жауапкершілікке әкеп соғатынын ескертті. Ал мұндай заттарды жарнамалау әкімшілік жауапкершілікке негіз болады.
Сонымен бірге, кастет пен өзге де суық қаруды өз еркімен тапсырған азаматтар қылмыстық жауапкершіліктен босатылады.
Ведомство өкілдері әуе сапарына немесе теміржол арқылы жолға шығар алдында жүк пен жеке заттарды мұқият тексеруді ұсынды.