Интернеттегі қауіпсіздікті қалай сақтау керек
Цифрлық даму министрлігі 2029 жылға қарай киберқауіпсіздік туралы халықтың 100% хабардар болуына қол жеткізу мақсатында киберқауіптер туралы хабардарлықты арттыру бойынша белсенді жұмыс істеп жатыр, деп хабарлайды BAQ.KZ тілшісі.
ОКҚ-да өткен брифингте Ақпараттық қауіпсіздік комитетінің төрағасы Руслан Әбдіқалықов бұл көрсеткішке жету үшін не істеп жатқанын түсіндіріп берді.
Осы жоба аясында платформалар құрылды, мысалы citizensec.kz, fingramota.kz және nomadguard.kz цифрлық сауаттылық бойынша тегін материалдарды ұсынады. Сонымен қатар ЦДИАӨМ Оқу-ағарту министрлігіне мұғалімдер мен оқушылардың ата-аналарына арналған кибер гигиена сабақтарын бастау туралы бастамамен шықты, - деді комитет басшысы.
Ақпараттық қауіпсіздік комитетінің төрағасы азаматтарды интернеттегі қауіпсіздік үшін қарапайым ұсыныстарды орындауға шақырды:
- Әр түрлі аккаунттар үшін күрделі және бірегей парольдерді пайдалану.
- Құрылғылардағы бағдарламалық қамтамасыз етуді үнемі жаңартып отыру.
- Күмәнді сілтемелер мен хабарламаларды ашпау.
- Антивирус бағдарламаларын пайдалану.
- Жеке ақпаратты бөгде сайттарға және қосымшаларға сенбеу.
- Аккаунттар үшін екі факторлы аутентификацияны пайдалану.
- Әлеуметтік желілердегі құпиялылық параметрлерін тексеру.
- 1414-тен келген кодтарды үшінші тұлғаларға бермеу.
- Банктік реквизиттерді үшінші тұлғаларға хабарламау.