Интернеттегі ойындар: Балалардың қауіпсіздігін қалай қамтамасыз етуге болады?
Оқу-ағарту министрлігінің Балалардың құқықтарын қорғау комитеті ата-аналарды интернеттегі ойындардан балаларға төнетін мүмкін қауіптер туралы ескертті, деп хабарлайды BAQ.KZ тілшісі.
Құрметті ата-аналар! ҚР Оқу-ағарту министрлігінің Балалардың құқықтарын қорғау комитеті сіздерді балаларыңыз ойнайтын ойындарға назар аударуға шақырады. Халықаралық және отандық БАҚ-та алаңдататын ақпараттар жарияланып жатыр: қаскөйлер ойыншының кейпінде балалармен сенімді қарым-қатынас орнатуға тырысып, оларды жабық чаттарға шақырады және заңға қайшы әрекеттерге тартуы мүмкін, – деп атап өтті ведомство.
Комитет балаларды интернеттегі қауіптерден қорғау үшін ата-аналарға негізгі ережелер мен қауіптің белгілерін білу маңызды екенін еске салады.
Бала интернетте не істемеуі керек?
- Жеке деректерін (аты-жөні, мекенжайы, телефоны, отбасы жайлы мәлімет) бөліспеу;
- Instagram, Telegram, TikTok, ВКонтакте сияқты желілердегі қауіпті топтарға және анонимді чаттарға кірмеу;
- Ата-ананың рұқсатынсыз күмәнді онлайн-ойындар ойнамау.
Ата-аналар баласының әрекетін қалай бақылай алады?
- Ата-ана бақылауын орнату (Android үшін Family Link, iOS үшін Screen Time);
- Баланың достар тізімі мен әлеуметтік желідегі жазылуларын қадағалау;
- Түсініксіз таңбалар, иероглифтер немесе оғаш суреттер қойылған анонимді парақшаларға назар аудару.
Қандай мінез-құлыққа мән беру керек?
- Бала нашар ұйықтайды, түнде жиі оянады;
- Денесінде түсініксіз жарақаттар (кесік, көгерген іздер) пайда болады;
- Өз-өзіне тұйықталып, агрессия танытады, қарым-қатынастан бас тартады;
- Депрессивті немесе агрессивті мазмұндағы видеолар көреді;
- Қорқынышты белгілер мен суреттер салады, бірақ түсіндірмейді.
Балаға қалай көмектесуге болады?
- Оның эмоционалдық жағдайын мұқият қадағалау;
- Үнемі сөйлесіп, өміріне қызығушылық таныту;
- Баланың кез келген уақытта ойымен бөлісе алатынын сезінуіне жағдай жасау.
Қайда жүгінуге болады?
- Құқық қорғау органдарына (102);
- Мектептегі педагог-психологқа;
- Мектептің ата-аналарға арналған педагогикалық қолдау орталығына;
- Балаларды психологиялық қолдау орталығына;
- Балалар құқықтары жөніндегі аймақтық уәкілге;
- "111" нөміріне — тәулік бойы жұмыс істейтін балаларға арналған тегін байланыс орталығы.
Бөлісу:
Қысқа да нұсқа. Жазылыңыз telegram - ға
Алдыңғы жаңалық
Министр ұстаздар мәселесі бойынша әкімдіктерге ескерту айтты
Өзгелердің жаңалығы