Интернетте 16 млн қазақстандықтың дерегі жайлы шу: министрлік не істеді?
Желіде тараған 16 миллионнан астам қазақстандықтың жеке дерегі жайлы ақпарат қоғамда үлкен резонанс тудырған еді. Аталған іс бойынша Цифрлық даму, инновациялар және аэроғарыш өнеркәсібі министрлігі түсініктеме берді, деп хабарлайды BAQ.KZ тілшісі.
BAQ.KZ тілшісі Цифрлық даму министрлігіне "2025 жылғы 16 маусым қарсаңында желіде 16 миллионнан астам Қазақстан азаматының жеке деректері әшкереленді деген ақпарат тарады. Министрлік бұл жағдай бойынша зерттеу жүргізіліп жатқанын хабарлады. Қазіргі таңда аталған оқиғаға қатысты зерттеу нәтижесі қандай, нақты қанша адамның дерегі тарағаны анықталды ма?" деген сауал жолдады.
Биыл маусым айында ЦДИАӨМ Ақпараттық қауіпсіздік Комитеті Ұлттық қауіпсіздік Комитетімен және "Мемлекеттік техникалық қызмет" АҚ-мен бірлесіп, желіде жарияланған деректердің өзектілігін талдаумен қоса, ақпараттық жүйелерге жоспардан тыс тексерулер жүргізілді, - дейді ведомство.
Шабуылдан ақпараттық жүйелер бұзылған ба?
Тексеру қорытындысы бойынша мемлекеттік ақпараттық жүйелерді бұзу фактілері анықталған жоқ екендігі расталды. Интернетте кең таралған дерекқорда 2022 жылға қатысты ескірген деректер бар екендігі анықталды. Барлық материалдар қылмыстық іс қозғау үшін құқық қорғау органдарына жіберілді, - делінген редакциямызға берілген жауапта.
Еске салайық, бұған дейін 16 миллион қазақстандықтың жеке дерегі таралды. Оған қатысты Олжас Бектенов те пікірін айтқан еді.