Интернет алаяқтар жоқ тауарды саудалап келген
Нұр-Сұлтан, BAQ.KZ. Павлодарлық жедел уәкілдер әлеуметтік желі арқылы алаяқтық жасады деген күдікпен қылмыстық топты ұстады.
12 мамыр күні арнайы жүргізілген Іс-шара барысында полиция қызметкерлері интернетте алаяқтық жасады деген күдікпен Павлодар қаласының екі тұрғынын ұстады.
Олар келесі схема бойынша жұмыс жасаған: Колеса және OLX веб-сайттарына автомобиль бөлшектерінің арзан бағамен сатылатыны туралы жарнамалар орналастырған. Тапсырыстарды қабылдап, банк картасы арқылы тауардың толық сомасын алдын ала төлеуді сұрап, затты курьер арқылы жіберуге уәде береді. Ақшаны алған соң, қаскүнемдер біраз уақыт курьердің нашар жұмысын сылтауратып, уақытты ұзартады да, кейін мобильді телефонды толықтай өшіреді - делінген ІІМ таратқан ақпаратта.
Алаяқтардың қармағына 10 сатып алушы түсіп үлгерген. Жоқ тауарды сатып алу көлемі 40-100 мың теңге аралығында болды. Күдіктілердің бірі Павлодардағы уақытша ұстау изоляторына қамалды. Аталған факті бойынша ҚР ҚК 190-бабымен қаралған сотқа дейінгі тергеу жүргізілуде – “Алаяқтық”.
Естеріңізде болса бұған дейін ірі сауда орындарының атынан ватсап топ ашып, алаяқтықпен айналысып келгендер туралы жазған болатынбыз.