Интернет бұғатталды: Иран тәулігіне 20,6 млн доллар жоғалтып жатыр

Иранда наразылық акцияларынан кейін, 8 қаңтардан бері интернет байланысы шектелді. Кей деректерге сәйкес, бұл ел экономикасына тәулігіне шамамен 20 млн 600 мың доллар (2-3 млрд туман) көлемінде тікелей шығын келтіріп отыр, деп хабарлайды BAQ.KZ Anadolu агенттігіне сілтеме жасап.

Entekhab жаңалықтар сайтының мәліметінше, Ирандағы Компьютер инженерлері мен IT-саласы кәсіби ұйымының төрағасы Әли Хекимджевади интернетті шектеу туралы шешімінің экономикалық салдары туралы мәлімдеме жасаған.

Интернеттің өшуі елге күн сайын 2-3 млрд туман көлемінде тікелей экономикалық шығын әкелуде, – деді ол.

Оның айтуынша, интернеттің бұғатталуынан ең алдымен цифрлық бизнес пен ақпараттық қызмет көрсететін компаниялар зардап шегіп отыр. Бұл кәсіпорындардың табысы ғаламдық интернетке үздіксіз қолжетімділікке тәуелді. Қазіргі жағдайда олардың қызметі айтарлықтай баяулады, ал кейбір мекемелер жұмысын мүлдем тоқтатқан.

Хекимджевади бұл есепке тек тікелей шығындар ғана кіретінін атап өтті. Ал сенімнің жоғалуы, халықаралық рейтингтердегі төмендеу, инвестициялардың азаюы және білікті кадрлардың шетелге көшіп кетуі секілді жанама шығындар есепке алынбаған.

Fararu сайтының хабарлауынша, Иран Сауда палатасының жазбаша мәлімдемесінде елдегі саудагерлер мен кәсіпкерлердің интернетке қол жеткізуде әлі де айтарлықтай қиындықтарға тап болып отырғанын растады.

Иранның Сауда палатасында бірнеше жүйе орнатылғанымен, олар мұншама көп саудагер үшін жеткіліксіз әрі тиімсіз. Шетелдік серіктестермен және клиенттермен байланыс орнату қиындап, сауданың бір бөлігі іс жүзінде тоқтап қалды, – делінген мәлімдемеде.

Айта кетейік, наразылықтар күшейіп, полиция тарапынан қатаң әрекеттер жасалғаннан кейін 8 қаңтарда Иранда интернет толықтай бұғатталған болатын. Сарапшылардың бағалауынша, 18 күнде жалпы тікелей экономикалық шығын 370 млн доллардан асып кеткен. Қазіргі уақытта Иранда 1  доллар шамамен 145 мың туманға тең.

Иран билігі құрбандар туралы ресми мәліметті әлі жарияламады. Алайда АҚШ-та орналасқан Human Rights Activists News Agency (HRANA) дерегінше, наразылықтар кезінде 5 459 адам қаза тауып, 40 887 адам ұсталған.

Ал 21 қаңтарда Иранның Шахидтер мен ардагерлер қоры жанындағы сот-медициналық институт таратқан мәліметке сәйкес, тәртіпсіздіктер салдарынан 3 117 адам қаза тапқан, олардың қатарында қауіпсіздік күштерінің қызметкерлері мен бейбіт тұрғындар бар.

Олардың 2 427-сі "қарулы террористік топтар" қолынан қаза тапқандар ретінде көрсетілген. Ал қалған 690 адамға қатысты ақпарат берілмеген.

Бөлісу:
Қысқа да нұсқа. Жазылыңыз telegram - ға
Өзгелердің жаңалығы