Интернет-алаяқтықты алдын алудың жаңа түрі қолданылып жатыр
Облыстық полиция департаментінің тапсырмасы бойынша аумақтық полиция бөліністерінің басшылығы дінбасыларға интернет-алаяқтықтың алдын алуда көмек көрсету туралы өтінішпен жүгінді, деп хабарлайды BAQ.KZ Polisia.kz-ке сілтеме жасап.
Қарт адамдардың кейбіреуі интернет-ресурстар мен әлеуметтік желілерде жаңалықтар оқымайды. Бірақ дін өкілдерінің үндеулеріне құлақ түріп жатады. Дәл осындай жас шамасындағы адамдарға полицейлер мен дін өкілдері үндеу жасап, қаскөйлердің қармағына түспеуге шақырып жатыр, әрі алаяқтықтың кең тараған түрлері туралы хабардар етуде.
Алаяқтар өздерін құқық қорғау органдарының қызметкерлері, “Қазпошта”, “СевКазЭнерго” және басқа ұйымдардың қызметкерлері ретінде таныстырып, телефон арқылы SMS-хабарламалардағы кодтарды немесе банк картасының деректерін айтуды талап етеді. Бұған мүлдем келіспеген жөн.
Сондай-ақ желілік алаяқтар “AnyDesk”, “TeamViewer”, “HopToDesk”, “AirDroidControl” және басқа да әртүрлі қосымшаларды телефонға орнатуға мәжбүрлейді. Алаяқтар аталған қосымшалар арқылы телефонды бұғаттап, ішіндегі дербес ақпаратты иемденеді.
Сонымен бірге, egov.mobile мобильді қосымшасында “Банктік қарыздар мен микрокредиттерді алудан ерікті түрде бас тарту” қызметін қосуға болатынын білген абзал. Бұл интернет-алаяқтардан қорғанудың сенімді әдісі. Алғашқы түсіндіру жұмыстары мешіттерде өткізілді, осындай іс-шараларды қаладағы, облыс аудандарындағы шіркеулерде, католиктік костелдарда және басқа да конфессиялардың ғибадатханаларында да өткізу жоспарланған.