Интернет-алаяқтардың алдап-арбау тәсілі көп. Қорғанудың амалы қайсы?

Шымкент қаласы, BAQ. KZ тілшісі. Шымкент қаласында 2022 жылғы қаңтар-наурыз айларында барлығы 2371 қылмыстық құқықбұзушылық тіркеліпті. Мұның 940-ы алаяқтық қылмыстар екен. Бүгінде алаяқтардың арбауына түсіп, ақшасы мен мүлкінен айырылып қалу оқиғаларын естіп жатамыз. Мұның алдын алу үшін халықтың құқықтық мәдениеті мен құқықтық санатын қалыптастыру да маңызды рөлге ие. Осы орайда Шымкент қаласы әл-Фараби ауданының прокуроры Қантөре Мырзанұлы Хандиллаевпен сұхбаттасып, алаяқтардың жиі пайдаланатын амал-әрекет, бұдан сақтану туралы білдік. 

— Әуелі сауалымызды статистикадан бастасақ. Жыл басынан бері қылмыстық істер көрсеткіші қандай боп жатыр?

— 2022 жылдың 3 ай қорытындысы бойынша, қала аумағында жалпы 2371 қылмыстық құқық бұзушылық тіркелді. Бұл өткен жылмен салыстырғанда 35,1 пайызға немесе 1286 дерекке аз. Мұның ішінде, 940-ы алаяқтық қылмыс болды. Бұл да өткен жылмен салыстырғанда 18,4 пайызға немесе 212 дерекке азайған. 

Шымкент қаласы бойынша барлық тіркелген қылмыстық құқық бұзушылықтар бойынша Әл-Фараби ауданының үлесі 24,7% боп отыр. Яғни қала аумағында тіркелген әрбір 4-ші қылмыс біздің ауданға тиесілі. Яғни жоғарыда айтқан 2371 қылмыстың 660-ы біздің ауданға тиесілі болып отыр. Әл-Фараби ауданы — қаланың халқы ең тығыз орналасқан, ойын-сауық кешендері мен екінші деңгейлі банктер, кәсіпкерлік нысандарының көп шоғырланған аудан болғанына қарамастан тіркелген алаяқтық қылмыс саны өткен жылмен салыстырғанда 19,4%-ға немесе 299-дан 241-ге азайды. 

— Қылмыс санының азаюына не себеп, қандай жұмыс атқарылды? 

— Бірінші кезекте, азаматтардың құқықтық сауатын көрнекі ақпараттық материалдарды бұқаралық ақпарат құралдарында, яғни газет, билборд және т. б жариялап арттырдық. Екінші кезекте, адам көп шоғырланатын орындарға, әсіресе ХҚО, банктердің ғимараттарында ескерту стендтерін іліп, профилактикалық жұмыс ұйымдастырдық. Бұған полиция қызметкерлері де қатысты. Қала прокурорының төрағалығымен Шымкент қаласының барлық құқық қорғау органдары, әкімдік, кәсіпкерлік палатасы, екінші деңгейлі банктер мен микроқаржы ұйымдарының қатысып ұйымдастырылған «Үйлестіру кеңесі» қылмыскерлерді құрықтау бағытында өз нәтижесін беріп отыр. 

— Алаяқтық қылмыстардың ішінде ең жиі кездесетін оқиғалар қандай? 

— Жалпы тіркелетін алаяқтық қылмыстың 40%-ы қызмет көрсету саласына тиесілі. Мысалы, оқуға түсіру, жер учаскесін алып беру, пәтер кезегін жылжытып беру, несие, жәрдемақы рәсімдеп беру немесе автокөлік алып беру сияқты болып отыр. Тағы 40%-ы интернет-алаяқтық, мәселен, «банктің қызметкерімін» деп алдап, картасының ақпаратын алып, шотындағы қаражаттарды иемдену, белігілі бар сайтқа кіріп, картасының ақпараттарын ендіртіп, атына несие рәсімдеу. Осы тұста айта кетейін, егер «банктен хабарласып тұрмын, карта номеріңізді айтыңыз, телефоныңызға келген кодты айтыңыз» десе, олардың сұрауына мүлдем жауап бермеңіз. Тез арада сол банктің call-орталығына немесе 102 нөміріне хабарласыңыз. Әсіресе соңғы кезде «банк қызметкерімін, ақшаңызды алаяқтар шешіп алып жатыр, қауіпсіздік шарасын орнатамыз» деп хабарласып, ақшасын заңсыз иемдену көбейіп кетті. Қылмыстың 20%-ы жалпы алаяқтық қылмыс, мысалы телефонын қоңырау шалуға сұрап алып, кейін қайтармау. Қазір алаяқтық қылмыс санының төмендеуіне қол жеткізгеніне қарамастан, интернет арқылы жасалатын алаяқтық қылмыс саны едәуір өсіп отыр. Нақтырақ айтсам, өткен кезеңде қала бойынша жалпы 210 интернет-алаяқтық қылмыс тіркелсе, соның 58-і немесе 28% Әл-Фараби ауданына тиесілі. Интернет-алаяқтық қылмыстары расында қазіргі қоғамымыздың ең өзекті әрі маңызды мәселесіне айналды.

Қылмыскерлер уақыт талабынан қалыспай, азаматтардың ақшалай қаражатын жымқырудың түрлі жаңа әдіс-тәсілдерін шығарады. Әсіресе, олар әлеуметтік желілердің мүмкіндігін ұтымды пайдаланып отыр. Әдетте алаяқтар жалған интернет хабарламалар орналастыру, интернетте сауда жасау және қызмет ұсыну, сондай-ақ өзін банк қызметкері деп таныстырып, жеке деректерін иемдену, бөтен біреудің атынан онлайн-несие ресімдеу тәсілдерін кеңінен қолданып жатыр.

Атап өту қажет, интернет-алаяқтықтың басқа қылмыстарға қарағанда негізгі ерекшелігі — жалпылама жұртшылыққа жасалуы болып отыр. Бұл дегеніміз — компьютері, смартфоны, планшеті бар адам кез келген сәтте интернет-алаяқтардың құрбанына айналуы мүмкін. 

Өкінішке қарай, осыған ұқсас қылмыстар соңғы уақытта біздің қаламызда да жиі тіркеліп, тұрғындар мен қоғамды ерекше алаңдатып отыр. 

— Осы Интернет алаяқтық салдарынан жәбірленушілерге қанша шығын келді? 

— Өткен жылдың қорытындысына қарасақ, біздің қаламызда тіркелген интернет-алаяқтық қылмыстары нәтижесінде жәбірленушілерге 627 млн теңгеден аса материалдық шығын келді. Осы жылдың 2 айында келтірілген шығын 109 млн теңгеден асып отыр. Бұл бағытта құқық қорғау органдары да қарап қалмай, интернет-алаяқтық қылмыстарын ашу және толыққанды тергеп-тексеру үшін Полиция департаментінде 4 аудандық Полиция басқармаларының қызметкерлерінен арнайы жедел-тергеу тобы құрылып, нәтижелі жұмыс жүргізіп жатыр. Бұл бағытта талдау жүргізу барысында алаяқтық қылмыстарының тағы бір түрін анықтадық.

Атап айтқанда, азаматтар Telegram хат алмасу жүйесінде ашылған арнайы топта Kaspi қосымшасының төлем түбіртектерін жасаумен айналысады екен. Мысалы, К. деген адам дүкеннен 12 000 теңгеге тауар сатып алып, оның ақшасын Kaspi қосымшасы арқылы жіберуді жөн көреді.

Содан, К. деген адам аталған Telegram мессенджерінде ашылған арнайы топқа, қажетті қаражат көлемін, жолдаған уақыт және шот иесінің атын көрсетеді.

Арадан 5 секундт өткен соң Telegram-да ашылған арнайы топқа қолдан әзірленген түбіртектің көшірмесі түседі және К. деген адам оны сатушыға көрсетіп, алаяқтық жасайды. Соған байланысты, тұтынушы чек көрсеткен жағдайда, міндетті түрде қаражаттың сіздің ұялы телефоныңызға келіп түскенін тексеру қажет. Осылайша ақпарат дамыған заманда алаяқтықтың түрі азаяр емес.

— Алаяқтық қылмысына қандай жаза қарастырылған?

— Алаяқтық қылмыс үшін ҚР Қылмыстық кодексінің 190-бабында жауапкершілік көзделген. Алаяқтық, яғни бөтеннің мүлкін жымқыру немесе алдау немесе сенімді теріс пайдалану жолымен бөтен мүлiкке құқықты иемденгені дәлелденсе, мүлкі тәркіленуі, айыппұл салып, қоғамдық жұмысқа тартып, бас бостандағын шектеп, бас бостандағын айыруы мүмкін. 

Бөлісу:
Қысқа да нұсқа. Жазылыңыз telegram - ға
Өзгелердің жаңалығы