Интернет-алаяқтар күшейе түсті – комитет төрағасы
Нұр-Сұлтан, BAQ.KZ тілшісі. Бұл туралы Орталық коммуникациялар қызметінде өткен брифингте СИМ Тұтынушылардың құқықтарын қорғау комитетінің төрағасы Асқар Тынысбеков мәлім етті.
Оның айтуынша, электрондық сауданы реттейтін құқықтық өрісте әлсіз тұстар аз емес. Тұтынушылар интернет арқылы тауарларды төлеу кезінде алдау мен алаяқтыққа жиі тап болады, бұл әлеуметтік желілердегі тауарлар айналымын заңнамалық реттеуді талап етеді.
Тынысбеков осыған байланысты тұтынушы мен сатушы арасындағы шарттың үлгілік нысанын белгілеу, тауарларды адал өткізушілердің, электрондық саудадағы жұмыстар мен қызметтерді орындаушылардың тізілімін жасау қажеттігін атап өтті.
Сатушының тұтынушыға ақшаны қайтару механизмін әзірлеу, «электрондық сауда алаңының иесі» ұғымын, оның қызмет ету тәртібін және тағы басқаларын анықтау қажет, - дейді СИМ Тұтынушылардың құқықтарын қорғау комитетінің төрағасы.
Сонымен қатар Асқар Тынысбеков брифингте тұтынушылардың қоғамдық бірлестіктері қолданыстағы заңда көзделмеген қаржы, сақтандыру, банк, тұрғын үй-коммуналдық, медициналық, туристік, көлік қызметтері салаларына Заңның негізгі қағидаттарын таратуды ұсынатынын айтты.
Бұл мәселені қарау қажеттілігін 2020 жылы жүргізілген әлеуметтік зерттеу нәтижелері де көрсетеді. Әлеуметтік сауалнамаға сәйкес, тұтынушылар үшін ең проблемалы салалар - медициналық қызмет көрсету (сұралғандардың 45,9%), көлік (43,2%), білім беру (41,6%), байланыс қызметі (сұралғандардың 36% осы салаға қанағаттанбаған).