28 Қазан 2026, 15:05 Фото: ©BAQ.KZ архиві

Инсульт тұқым қуалай ма? Дәрігер негізгі қауіптерді атады

Ата-анасының бірі инсульт алған адамдар өз денсаулығына ерекше көңіл бөліп, аурудың алдын алу шараларын сақтауы керек. Сонымен қатар ұйқының қанбауы, тұрақты күйзеліс және түнгі ауысымда жұмыс істеу де инсульт қаупіне әсер етуі мүмкін. Бұл туралы Алматы қаласы Қоғамдық денсаулық сақтау басқармасының штаттан тыс бас инсультологы Жанна Дюсембаева айтты, деп хабарлайды BAQ.KZ тілшісі.

Инсульт тұқым қуалай ма?

Маманның айтуынша, инсульт көбіне белгілі бір қауіп факторларының әсерінен дамиды. Егер адамның ата-анасының бірі инсульт алған болса, оның өзінде де осы ауруға бейімділік болуы мүмкін. Алайда бұл баланың міндетті түрде инсультке шалдығатынын білдірмейді.

Егер ата-анасының бірі инсульт алған болса, баласында қандай да бір генетикалық ауру болуы мүмкін деп болжауға болады. Мұндай жағдайда әр адамды жеке тексеріп, аурудың себебін анықтау қажет. Егер ата-анадан белгілі бір генетикалық ауру берілсе, ол баланың инсультке шалдығу қаупіне әсер етуі мүмкін, – деді Жанна Дюсембаева.

Дәрігердің сөзінше, ата-анасы инсульт алған адамдар денсаулығын үнемі бақылап, аурудың алдын алуға мән бергені жөн.

Ол үшін ең алдымен салауатты өмір салтын ұстанып, алкогольді шамадан тыс тұтынудан және темекі шегуден бас тарту қажет. Сонымен қатар қандағы қант деңгейі мен артериялық қан қысымын тұрақты бақылап, күйзелісті азайтып, ұйқы режимін реттеген маңызды.

Ұйқының қанбауы инсульт қаупін арттыра ма?

Жанна Дюсембаеваның айтуынша, созылмалы ұйқысыздық пен тұрақты күйзеліс ағзаға кері әсер етіп, инсульттің дамуына ықпал ететін қауіп факторларына айналуы мүмкін.

Маман әр адамның биологиялық ырғағы бар екенін еске салды. Сондықтан түнгі уақытта жеткілікті ұйықтап, ағзаға демалуға мүмкіндік беру маңызды. Дәрігер тәулігіне сегіз сағат ұйықтауға кеңес береді.

Әсіресе түнгі ауысымда жұмыс істейтіндер, компьютер клубтарында ұзақ уақыт отыратындар, диджейлер және жұмыс кестесіне байланысты ұйқы режимі жиі бұзылатын адамдар өз денсаулығына мұқият болғаны жөн.

Дәрігердің түсіндіруінше, ұйқының ұзақ уақыт қанбауы артериялық қан қысымының жоғарылауына әкелуі мүмкін. Сондай-ақ күйзеліс кезінде қандағы қант деңгейі көтерілуі ықтимал. Егер мұндай жағдай ұзақ уақыт жалғасса, ағзадағы өзгерістер қант диабетінің дамуына ықпал етуі мүмкін.

Бұдан бөлек, ұйқының жетіспеуі мен күйзеліс жүрек ырғағының бұзылуына әсер етуі ықтимал. Ал мұндай өзгерістер инсульт қаупін арттыратын факторлардың қатарына жатады.

Инсульт қаупін қалай азайтуға болады?

Маманның кеңесіне сүйенсек, аурудың алдын алу үшін бірнеше маңызды ережені сақтау қажет:

  • қан қысымы мен қандағы қант деңгейін тұрақты бақылау;
  • темекі шегуден бас тарту және алкогольді шамадан тыс тұтынбау;
  • ұйқы режимін сақтап, жеткілікті демалу;
  • тұрақты күйзелісті азайтуға тырысу;
  • салауатты өмір салтын ұстану;
  • отбасында инсульт немесе тұқым қуалайтын аурулар болған жағдайда дәрігерге қаралып, жеке қауіп факторларын бағалау.

Ата-анасының инсульт алғаны адамның өзі де міндетті түрде осы ауруға шалдығады деген сөз емес. Дегенмен отбасылық ауру тарихын ескеріп, қан қысымын, қандағы қант деңгейін және жалпы денсаулық жағдайын бақылау инсульт қаупін төмендетуге көмектеседі.