Инсультке 30-40 жас аралығындағы азаматтар жиі шалдығады

Нұр-Сұлтан, BAQ.KZ. Түркістан облысында инсульттің алдын алу мақсатында ашық есік күні өтуде, деп хабарлады облыстық Қоғамдық денсаулық басқармасының баспасөз қызметі.

Қазіргі таңда инсульт көрсеткіші бойынша жүрек және қатерлі ісік ауруларынан кейінгі кезекте кең тараған ауру түрі саналады. 

Өкінішке қарай, миға қан құйылу дертіне 30 бен 40 жас аралығындағы азаматтар да жиі шалдығуда. 

"Кәрі түгілі жастың өмірін жалмап жатқан аурумен күрес мақсатында облыстық клиникалық аурухананың невролог дәрігерлерінің қабылдауымен 23 қазан күні ашық есік күні өтуде. Дәрігерлер әр азаматтың жеке диагнозына қарай тиісті кеңес беріп, медициналық көмек ұсынып отыр. Шараның мақсаты – халық арасында инсульттің алдын алып, алғашқы жәрдемді көрсетуді түсіндіру. ", - делінген хабарламада.  
Қандай ауру болмаса да, асқындырмай жолын кескен дұрыс. Миға қан құйылу кеселі де дәл солай. Инсульт бұл – қан айналымының нашарлауынан орын алатын дерт. Салдарынан қантамырлар жарылып адам өміріне үлкен қауіп туындайды немесе тромбтар бітеліп ишемиялық инсультке душар етуі мүмкін. Кесірінен науқастар мүгедектікке ұшырайды. 

Жоғары қан қысымы, стенокардия, темекі шегу мен спирттік ішімдікке әуестік, артық салмақ пен қан айналымының нашарлығы инсультті туындататын себептердің бірі. Сондықтан әр адам салауатты өмір салтын ұстанғаны дұрыс. Дер кезінде профилактикалық шара қолдану аурудың жолын кесетіні сөзсіз. 

Дүниежүзілік инсультке қарсы күрес ұйымы 2006 жылы 29 қазанды аталған ауруға қарсы күрес күні етіп жариялаған болатын. Содан бері ақ халаттылар барынша түсіндірме жұмыстарын жүргізіп, ашық есік күні аясында дәрігерлік көмек көрсетуде.

Бөлісу:
Қысқа да нұсқа. Жазылыңыз telegram - ға
Өзгелердің жаңалығы