Инсулиннің Өзбекстанда сатылғаны расталса қылмыстық іс қозғалады – Біртанов

Астана, BAQ.KZ тілшісі. Қазақша таңбаланған инсулиннің Өзбекстанда саудаланғаны туралы мәлімет расталған жағдайда қылмыстық іс қозғалатын болады. Бұл туралы Денсаулық сақтау министрі Елжан Біртанов үкімет кулуарында мәлімдеді.

«Тексеріс енді ғана басталды. Былтыр біз жеке дәріханаларда мемлекеттен бөлінген дәрілердің сатылу фактісін анықтап, мәліметтерді құқық қорғау органдарына тапсырдық. Инсулин бойынша бұл фактіні тексеру керек. Ұлттық қауіпсіздік комитетіне ресми сауал жібердік. Расталған жағдайда мұны жасағандарға қатысты қылмысты қудалау басталады», - деді министр.

Денсаулық сақтау министрі инсулиннің заңсыз таралуына қатысты жағдай қатаң бақылауда екенін айтты.

«Қараша-желтоқсанда азаматтардың дәрі алмауы бойынша 4 жағдай тіркелді. Бас прокуратураға тапсырдық, олар тексеру жұмыстарына араласып кетті. Алдын ала айтар болсақ, бірқатар өңірлерде қылмыстық іс қозғалды. Біздің міндетіміз құқық қорғау органдарымен бірлесе дәрі-дәрмекпен қамтамасыз ету саласын толықтай тәртіпке келтіру. Бір ампула, бір таблетка болсын тағайындаусыз берілмеуі тиіс. Әрине, мұны анықтауда негізгі құрал цифрандыру мен халықпен кері байланыс болмақ», - деді Біртанов.

Еске сала кетсек, осыған дейін қазақстандық БАҚ қазақ тілінде таңбаланған инсулиннің Өзбекстанда сатылғаны туралы хабарлаған болатын. Министрлік бұл мәліметті 2018 жылдың соңында алғанын, Өзбекстан тарапынан ресми хат жолдағанын айтқан болатын.

Назерке Абибулла

Бөлісу:
Қысқа да нұсқа. Жазылыңыз telegram - ға

Өзгелердің жаңалығы