Инсультқа шалдыққан адамды қозғауға болмайды деген ескі наным – нейрохирург
Нұр-Сұлтан, BAQ.KZ тілшісі. Бүгін «Желмая» жобасында қонақта болған «Қазақстанның 100 жаңа есімі» жобасының жеңімпазы, нейрохирург Мыңжылқы Бердіқожаев инсульт дертінің неліктен жасарып келе жатқанын айтты.
Қазір өмірдің өзі тез болып кетті. Бүгінгі бір күніміз бұрынғы үш күнге тең келеді деген сөз бар. Өйткені сандық технология, интернет өмірді тездетіп жіберді. Адамның қимыл-қозғалысы баяғыдай болғанымен, оның миына түсетін салмақ бірнеше есеге өсті. Бұл - бір. Екіншіден, қимыл аз. Көп қимылдаған сайын адамның тамақтану режимі де дұрысталады, - дейді ол.
Дәрігер шетелде жасалатын ота түрлерінің барлығы болмаса да, бірқатары біздің елде де жүргізілетінін айтты. Дегенмен әлі де болса, біздің ел қол жеткізе алмай отырған технологиялар бар.
Ол технологияларды енгізудің екі жолы бар. Бірі – Міндетті әлеуметтік медициналық сақтандыру қоры қажетті технологияларға жетерліктей қаражат бөлуі керек. Әзірге көп технологияның бағасы өзге мемлекеттермен салыстырғанда өте төмен деңгейде бағаланған. Екінші жағынан, мемлекеттік ұйымдарда жұмыс істеп жатқан адамдар қолдың қысқалығынан ондай технологияларды енгізе алмай жатады, ал жеке клиникалар жеңіл, тез пайда алып келетін технологияларға басымдық береді. Десе де, әлемде бірқатар технология қолжетімді. Бұл ретте біздің елде де даму бар, - дейді ол.
Мыңжылқы Бердіқожаев инсультқа шалдыққан адамды қозғауға болмайды деген ескі наным екенін айтады.
Егер бір ауруханада қажетті технологиялар жеткіліксіз болып, екіншісіне ауыстыру керек болса, ауыстыруға болады. Ал кейбір өңірдегі ауруханаларда компьютерлік томограф (КТ) жоқ. Мысалы, мидағы инсульттың диагнозын қою үшін оған бірінші кезекте КТ, МРТ технологиялары керек, - деді ол.
Мыңжылқы Бердіқожаевтың кәсіби қызметінде ашқан жаңалығы - қанның ұйығыштығын тексеретін әдіс ойлап тапқан.
Кейде аневризма, стеноз деген дерті бар науқастардың ми тамырларына стенд қоюға мәжбүр боламыз. Сол кезде қанның ұйығыштығын тексеретін агрегометр деген аппарат бар. Біз өзіміздің клиникада бұл аппаратты 2019 жылдан қолдана бастадық. Оған дейін әрбір тесті 25 000 теңге тұрғандықтан, оны алып келетін компания болмады. Біз сол тестті алмастыратын «KazakhТромбо тест» деген әдісті ойлап тапқан болатынбыз. Миға стенд қойған кезде егер дәрі әсер етпесе, кейде 30-40%-ға дейін стенд бітеліп қалатын жағдайлар болады. Бұл әдіс сол дәрінің әсерін анықтап береді, - дейді ол.
Бөлісу:
Қысқа да нұсқа. Жазылыңыз telegram - ға
Алдыңғы жаңалық
Қауіпсіздік Кеңесінің бірқатар қызметкері қызметінен босатылды
Келесі жаңалық
Шымкентте қауіпсіздік шаралары күшейтілді
Өзгелердің жаңалығы