Бүгiн 2026, 11:19 Фото: видеодан алынған кадр

Instagram арқылы 80 млн теңге жымқырған: Ресей Қазақстанға қылмыстық топ мүшесін берді

Ұйымдасқан қылмыстық топтың құрамында сериялық алаяқтық жасаған күдікті Ресейден экстрадицияланды.

Қазақстан азаматы ұйымдасқан қылмыстық топ құрамында Instagram арқылы 75 адамды алдап, 80 млн теңге жымқырған. Халықаралық іздеуде жүрген күдікті Ресейден экстрадицияланып, тергеу изоляторына қамалды, деп хабарлайды BAQ.KZ.

Қазақстан Республикасының Бас прокуратурасы бірнеше рет алаяқтық жасаған Қазақстан азаматын қылмыстық жауаптылыққа тарту үшін Ресей Федерациясынан экстрадициялады.

Күдікті 2023-2024 жылдары ұйымдасқан қылмыстық топ құрамында ақпараттық жүйе пайдаланушыларын алдау және олардың сенімін теріс пайдалану арқылы ірі мөлшерде алаяқтық жасауға бірнеше рет жәрдемдескен, - делінген Бас прокуратура хабарламасында.

Атап айтқанда, күдікті мен оның сыбайластары «Instagram» әлеуметтік желісін пайдаланып, азаматтардың сеніміне кіріп, салынған инвестиция сомасынан бірнеше есе көп табыс алуға уәде беріп, өз компаниялары арқылы ақша қаражатын инвестициялауға үгіттеген.

Ақша қаражаттарын алғаннан кейін, оларды қылмыстық топ қатысушыларының арасында бөліп, өз қажеттіліктеріне жұмсаған.

Алаяқтардың қылмыстық әрекеттері салдарынан Қазақстанның әртүрлі өңірлеріндегі 75 азаматқа жалпы сомасы шамамен 80 млн теңге көлемінде залал келтірілген.

Қылмыс жасалғаннан кейін 4 сыбайлас әртүрлі мерзімге бас бостандығынан айыру жазасына сотталған, ал соңғысы қылмыстық қудалау органдарынан бой таласап, осыған байланысты халықаралық іздеуге жарияланған.

2025 жылғы наурызда ол Ресей Федерациясының аумағында ұсталып, Қазақстан Республикасының Бас прокуратурасының сұрау салуы бойынша Отанына экстрадицияланды, - деп хабарлады Бас прокуратура.

Қазіргі уақытта ол тергеу изоляторына қамалды.

Оған тағылған қылмыстарды жасағаны үшін 5 жылдан 10 жылға дейін бас бостандығынан айыру және мүлкін тәркілеу түріндегі жаза көзделген.