Инспекторды өлтірген күдіктілер арасында Қызылорда тұрғындары бар – Қасымов

Астана, BAQ.KZ тілшісі. ҚР Ішкі істер министрі Қалмұханбет Қасымов инспектор Ерлан Нұрғалиевтің өліміне қатысты түсініктеме берді.

Қалмұханбет Қасымов күдіктілер арасында Қызылорда облысының тумалары бар екенін және олар оқиға орнынан жасырынғанын айтты. 

«Олар Қызылорда тұрғындары. Қызылорда облысы Полиция департаментінің қызметкерлері бағыттама мәлімет таратты. Көлік пен адамдардың кім екені анықталды. Куәгерлер бар, ол жерде екі машина болған. Қазір іздеу жарияланды», - деді Қасымов Сенат кулуарында берген сұхбатында.

Сондай-ақ, министр күдіктілер қатарында полиция қызметкерлерінің жоқ екенін айтты.

«Қорықшы неге көлікпен жеткізілмеді десек, қылмыскерлер қылмыс орнынан кетер алдында көлік кілтіп алып, навигаторды жұлып тастаған. Сондықтан, екінші машина оларды бірден таба алмаған. Әрине, сол себептен оны ауруханаға жеткізу үшін уақыт жоғалтып алдық. Біз таңертеңнен бері жеткізгіміз келген, бірақ түске дейін ауа райы қолайсыздығына байланысты тікұшақпен бара алмадық. Біз төтенше жағдайларға арналған тікұшақты пайдалана алмадық, әуеге көтерілуге рұқсат бермеді. Біз «адам өлтіру» бабымен іс қозғадық. Бұл адамдар әлі ұсталған жоқ. Олар екі көлікте болған. Бірақ, қылмысқа бір көліктегі үш адам барған. Кейбіреулерін анықтадық, солар арқылы негізгі қылмыскерлердің кім екенін білдік. Мәліметтер болған жағдайда бірден хабарлаймыз», - деді Қасымов Сенат кулуарында берген сұхбатында.

Еске салсақ, Қарағанды облысының Нұра ауданында браконьерлер инспекторларға қарулы қарсылық танытып, оларды соққыға жыққан болатын. Салдарынан екі инспектор ауыр жарақат алып, бірі – Ерлан Нұрғалиев көз жұмды.
Қымбат Елтайқызы
Бөлісу:
Қысқа да нұсқа. Жазылыңыз telegram - ға

Өзгелердің жаңалығы