Инновациялық өнім көлемі 2,4 трлн теңгеге дейін өсті

Бұл туралы Үкімет басшысы Олжас Бектеновтың “Ілгерілеуге бастаған алты жыл: Қазақстан орнықты даму жолында” атты мақаласында айтылған, деп хабарлайды BAQ.KZ.

Мемлекет басшысы жаппай цифрландыру және жасанды интеллектіні енгізу міндетіне басымдық беріп отыр. Бұл экономикалық өсудің жаңа қозғаушы күшіне айналуға тиіс. Қазақстан IT-қызметтер экспортын ұлғайта отырып және осы бағытта елеулі жетістіктерге қол жеткізіп, Орталық Азия елдері арасында сенімді түрде көш бастап келеді.

Бұл сала бойынша еліміздің бәсекелестік артықшылықтары жетерлік. Цифрлық шешімдер түрлі салаларға дендеп еніп, олардың тиімділігі мен жедел дамуын қамтамасыз етті. Балабақшаларда "Отбасының цифрлық картасы", "Әлеуметтік әмиян"және цифрлық ваучерлер белсенді қолданылады, QazaqLaw (заңнамалық база бойынша көмекші), LLM ұлттық тілдік моделі жасалды, "Бизнестің цифрлық картасы" және басқа да жобалар әзірленуде, - деп жазды Олжас Бектенов.

Соңғы бес жылда инновациялық өнім көлемі екі еседен астам, 1,1 триллион теңгеден 2,4 триллион теңгеге дейін өсті.

ЖИ дамуына жәрдемдесу үшін Президент тапсырмасы бойынша "Астана" халықаралық қаржы орталығының базасында қаржыландырудың мақсатты көлемі 1 миллиард долларды құрайтын Qazaqstan Venture Group қорларының венчурлық қоры құрылды. Қор Қазақстан мен Орталық Азияның инновациялық жобаларына басымдық бере отырып инвестиция салады, - деді Премьер-министр.

Биыл еліміздің жедел цифрлық трансформациясына ықпал ететін Alem.ai халықаралық жасанды интеллект орталығы ашылады.

Ұлттық құрылтай отырысында Қасым-Жомарт Тоқаев цифрландыру мен жасанды интеллект, көлік, энергетика, агроөнеркәсіп секторы және адам капиталының даму әлеуеті жоғары екенін ерекше атап өтті. Үкімет жүктелген міндеттерді орындауға бар күш-жігерін салады.Көріп отырғанымыздай, соңғы 6 жыл ішінде атқарылған жұмыс аз емес, бірақ алда бұдан да ауқымды міндеттер тұр. Қасым-Жомарт Кемелұлы Тоқаевтың тегеурінді басшылығымен Қазақстан үлкен жетістіктерге қол жеткізіп, өзінің орасан зор әлеуетін толық іске асыратынына сенімдімін, - деп жазды  Бектенов.

Бөлісу:
Қысқа да нұсқа. Жазылыңыз telegram - ға
Өзгелердің жаңалығы