Инклюзивті білім: Бір жылда қандай жұмыс атқарылды?
Биыл елімізде инклюзивті білім беруді дамыту мақсатында жүйелі жұмыстар жүргізіліп жатыр. Ерекше білім беру қажеттіліктері бар балаларға тең әрі қолжетімді білім беру жағдайларын қалыптастыру бағытында бір жылда атқарылған жұмыс қорытындысы қандай? Оны Оқу ағарту және Ғылым және жоғары білім министрліктерінен сұраттық, деп хабарлайды BAQ.KZ тілшісі.
Жаңа штаттық лауазымдар ашылды
Мектепке дейінгі ұйымдарда, сондай-ақ техникалық және кәсіптік білім беру мекемелерінде педагог-ассистент қызметі енгізілді. Жалпы білім беретін мектептерде жеке көмекші лауазымы бекітілді. Бүгінде білім беру ұйымдарында 3,8 мың педагог-ассистент, 10 275 арнайы педагог және 130 жеке көмекші жұмыс істеп жатыр.
Аутизм орталықтарының саны артып жатыр
Қазіргі таңда Қазақстанда 515 арнайы білім беру ұйымы қызмет көрсетіп отыр. Президент тапсырмасына сай аутизм орталықтарының санын арттыру бағытында жүйелі жұмыстар атқарылып жатыр. Бұдан бөлек, баланы ерте жастан бастап кәсіби білім алғанға дейін үздіксіз қолдауды қамтитын арнайы тұжырымдама қабылданды. Бұл бастама білім беру үдерісінің барлық кезеңінде қолдаудың бірізді әрі тұрақты болуын қамтамасыз етеді.
Қабылданған шаралардың нәтижесінде ерекше білім беру қажеттіліктері бар білім алушыларды жеке сүйемелдеу жүйесі кеңейтілді. Қазіргі уақытта 129 балаға физикалық сүйемелдеу көрсетілуде, ал бұған дейін үйде оқып келген 45 бала мектепте білім алу мүмкіндігіне ие болды.
Инклюзивті білім берудің қамтылу деңгейі – 92,5%
Қазіргі таңда инклюзивті оқытуға қажетті жағдай жасалған білім беру ұйымдарының үлесі 92,5 пайызды құрап отыр, ал арнайы психологиялық-педагогикалық қолдаумен қамтылған балалар саны 87 пайызға жеткен. Бұл көрсеткіштер Қазақстанда инклюзивті білім беру жүйесінің жүйелі әрі тұрақты түрде дамып жатқанын айғақтайды.
Бұдан бөлек, биыл елімізде алғаш рет инклюзивті білім беру тақырыбында Дүниежүзілік конгресс ұйымдастырылды. Халықаралық деңгейдегі бұл басқосу инклюзивті тәжірибелерді ілгерілетуге арналған маңызды платформаға айналып, педагогтердің кәсіби біліктілігін арттыруға, инклюзивті мәдениетті қалыптастыруға және барлық бала үшін білімге тең мүмкіндік беруге бағытталған жаһандық диалогтың жаңа белесін ашты.
Педагогтердің біліктілігі артып жатыр
2025 жылы Дүниежүзілік банктің “Орта білім беруді жаңғырту” жобасы аясында ерекше білім беру қажеттіліктері бар балалардың психологиялық-педагогикалық қажеттіліктерін анықтау және қолдау мақсатында мінез-құлықты қолданбалы талдаудың (ABA) үш модулі мен ADOS-2 ерте диагностикалау әдістемесі бойынша 67 педагог оқытудан өтті. Олардың қатарында жоғары оқу орындарының 45 профессор-оқытушысы, сондай-ақ жалпы білім беретін және арнайы, оның ішінде ауылдық ұйымдарда жұмыс істейтін 22 педагог-психолог бар.
Аталған курс Қазақстанның білім беру жүйесінің нақты қажеттіліктері мен ерекшеліктерін ескере отырып әзірленді. Бағдарламада оқу материалдарын бейімдеу және диагностикалық тәжірибені практикада қолдану көзделген.
Оқыту нәтижелерінің тұрақтылығын қамтамасыз ету мақсатында арнайы электрондық платформа құрылды. Бұл платформа тыңдаушыларға тренингтер өткізген халықаралық сарапшылардан тұрақты түрде кеңес алуға мүмкіндік береді.
Осыған байланысты жоғары оқу орындарының оқытушылары мінез-құлықты қолданбалы талдау (ABA) модульдері мен ADOS-2 ерте диагностикалау әдістемесін оқу бағдарламалары мен силлабустарға енгізуде.
Қазіргі таңда педагогикалық бағыттағы кадрларды даярлайтын жоғары оқу орындары білім беру бағдарламаларын жаңартып, “ADOS-2 аутизмді диагностикалау әдістемесі”, “Мінез-құлықты қолданбалы талдаудың негіздері”, “Мінез-құлықты қолданбалы талдау (ABA)” және басқа да пәндерді оқу үдерісіне енгізіп жатыр.