Инклюзивті білім беретін педагог-психологтар 40% үстемақы алады
Бұл туралы «Еліміздегі инклюзивті білім беруді дамыту» туралы өткен брифинг барысында белгілі болды, деп хабарлайды BAQ.KZ тілшісі.
Журналистердің «Ерекше балалармен жұмыс істеу оңай емес. Осы тұрғыда инклюзивті білім беруде педагогтерге қандай да бір жағдай жасала ма? Жалақы көтерілгеннен басқа» деген сауалға Арнайы және инклюзивті білім беруді дамытудың Ұлттық ғылыми-практикалық орталығы» РММ директоры Әйгерім Кудеринова жауап берді.
Оның айтуынша, ерекше балалармен жұмыс істеу оңай емес. Осы тұрғыда жалақыдан бөлек педагог-психологтар 40% үстемақы алады.
Қазіргі таңда балаларды психологиялық-педагогикалық қолдау аясында педагог-ассистент лауазымы енгізілген. Осы тұрғыда 1000-ға жуық педагог-ассистент жұмыс істейді. Одан бөлек мектепке дейінгі ұйымдарға да педагог-ассистент лауазымын қосу жоспарланып отыр.
Сондай-ақ, есту қабілеті бұзылған балаларға арналған қазақ және орыс тілдерінде бейне, ым-ишара сөздігі әзірленіп жатыр.
Аутистикалық бұзылулары бар балаларға психологиялық-педагогикалық көмек көрсететін оңалту орталықтарының, түзету кабинеттерінің, арнайы және жалпы білім беретін мектепке дейінгі білім беру ұйымдарының психологтары үшін Арнайы және инклюзивті білім беруді дамытудың ұлттық ғылыми-практикалық орталығы әзірлеген аутизмі бар балаларға арналған арнайы дамытушы бағдарлама сәтті қолданысқа енгізілді, - дейді Әйгерім Кудеринова.