Инфляция төмендеді, бірақ ет қымбат: Бектенов нақты тапсырма берді
Премьер-министр Олжас Бектенов Үкімет отырысында өңірлерге азық-түлік бағасын тұрақтандыруға қатысты тапсырма берді, деп хабарлайды BAQ.KZ тілшісі.
Айтуынша, биыл экономикамыз орнықты өсім көрсетіп отыр. Айта кетерлігі, 11 айдың қорытындысы бойынша жалпы ішкі өнімнің өсімі 6,4% болды.
Жалпы экономикадағы оң көрсеткіштерге қарамастан, сауда және құрылыс салаларында, сондай-ақ көлік қызметтерінде өсімнің біршама баяулап қалғаны байқалады. Металлургия өнеркәсібіндегі өсу қарқыны да төмендеп кеткенін баса айтқым келеді. Бұл сала – экономиканың негізгі тірегі. Сондықтан оның орнықты дамуын қамтамасыз етіп, өндірістік әлеуетін толық іске асыруға бағытталған шаралар қабылдау маңызды болып саналады, - деп атап өтті Үкімет басшысы.
Сонымен қатар ол жыл қорытындысы бойынша экономиканың өсу қарқынын сақтап қалу қажеттігін ескертті.
Осыған байланысты мына мәселелерге назар аударамын. Соңғы 2 айда инфляция деңгейі 12,4%-ға дейін төмендеді. Алайда кейбір өңірлерде, атап айтқанда Ұлытау, Ақмола және Атырау облыстарында керісінше, өскені байқалады. Басты себеп – азық-түлік бағасының қымбаттауы болып отыр. Өңір әкімдерінде азық-түлік тауарларының бағасын тұрақтандыру үшін жеткілікті құралдар бар. Тек осы бағыттағы жұмысты күшейту керек, - деді Олжас Бектенов.
Премьер-министр Сауда министрлігіне әлеуметтік маңызы бар азық-түлік тауарларының тізбесін уақытша кеңейту жұмысын жеделдетуді тапсырды.
Бұл қосымша өнім түрлерінің бағасын реттеуге мүмкіндік береді. Сондай-ақ азық-түлік инфляциясының өсуіне ет және ет өнімдері бағасының үлесін ескере отырып, Сауда, Ауыл шаруашылығы министрліктері мен әкімдіктер аталған өнімдердің бағасын тежеуге ерекше назар аударуы қажет, - дейді ол.
Сонымен қатар Астана қаласындағыдай, арзандатылған сиыр етін ірі сауда желілері арқылы сату тәжірибесін бүкіл ел аумағында кеңінен қолдануды ұсынды.