Инфляция неге төмендемей тұр? Ұлттық банк төрағасы түсініктеме берді
Ұлттық банк төрағасы Тимур Сүлейменов Парламент палаталарының бірлескен отырысында базалық мөлшерлеменің өсуіне қарамастан елдегі инфляцияның тұрақты түрде жоғары қалып отырғанын айтты, деп хабарлайды BAQ.KZ тілшісі.
Оның айтуынша, 2025 жылдың наурызында базалық мөлшерлеме 16,5 пайызға дейін көтерілсе де, инфляцияның баяулауына айтарлықтай әсер еткен жоқ. Мұндай жағдайда бизнес өз инвестицияларын қысқартып, жоғары табыс талап ете бастайды. Бұл өз кезегінде экономикалық өсімді тежейді.
Ұлттық банк төрағасы инфляцияға ықпал етіп отырған негізгі себептерді де атады. Олардың қатарында тұрғын үй-коммуналдық шаруашылық саласына инвестиция тарту мақсатында жүргізіліп жатқан тарифтік реформалар бар. Қысқа мерзімде бұл бағаның өсуіне әкелгенімен, ұзақ мерзімді перспективада маңызды шешім ретінде бағаланады.
Сонымен қатар 2024 жылы Ұлттық қордан экономикаға 5 триллион теңгеден астам қаржы қайтарылған, бұл да инфляцияға қысым көрсетіп отыр.
Бұдан бөлек, тұтынушылық несиелендіру көлемі жыл сайын 30 пайыздан артық өсіп келеді. Ал импортқа, әсіресе Ресейден келетін тауарларға тәуелділік шетелдік инфляцияның елге тікелей әсер етуіне себепші болып отыр.
Тимур Сүлейменов Ұлттық банк пен Үкімет инфляцияға қарсы саясатты бірлесіп жүргізіп жатқанын атап өтті. Атап айтқанда, алтынмен байланысты операциялар арқылы ақша массасын реттеу шаралары қолға алынған.
Жыл басынан бері жүйеден шамамен 1–2 триллион теңге алынды. Жыл соңына дейін бұл көрсеткіш 3 триллион теңгеге жетеді деп болжап отырмыз. Осылайша, біз экономикадағы ақша массасы мен тауар-қызмет көлемі арасындағы алшақтықты біртіндеп қысқартуға тырысып жатырмыз, – деді ол.
Сүлейменовтің айтуынша, бұл шаралар арқылы инфляцияны орта мерзімді кезеңде 5 пайызға дейін төмендету көзделіп отыр.