Бүгiн 2026, 14:25

Инфляция мен өсім: Экономикалық саясаттың күрделі таңдауы

Экономикалық саясаттың басты міндеті – экономиканы «қыздырып» жібермей, сонымен қатар оның болашақтағы даму әлеуетін сақтап қалу.

Қазақстан экономикасы бүгін күрделі әрі көпқабатты кезеңді бастан өткеріп отыр. Бір жағынан, ішкі сұраныс пен мемлекеттік шығындардың есебінен экономикалық өсім байқалады, екінші жағынан – инфляцияның жоғары деңгейі бұл өсімнің сапасына күмән келтіреді. Баға қысымының күшеюі, халық пен бизнестің инфляциялық күтулерінің қалыптасуы және сыртқы экономикалық факторлардың тұрақсыздығы мемлекеттік саясатты бұрынғыдан да мұқият әрі есеппен жүргізуді талап етуде, деп хабарлайды BAQ.KZ.

Осындай жағдайда экономикалық саясаттың басты міндеті – экономиканы «қыздырып» жібермей, сонымен қатар оның болашақтағы даму әлеуетін сақтап қалу. Бұл жерде оңай шешімдер жоқ: ақша-кредит саясатын ерте жұмсарту қысқа мерзімді жеңілдік бергенімен, ұзақ мерзімде жаңа тәуекелдерге алып келуі мүмкін. Сондықтан реттеушінің сақтығы – әлсіздік емес, керісінше күрделі макроэкономикалық жағдайға берілген салмақты жауап.

Экономист, «Tengenomika» телеграм арнасының авторы Руслан Сұлтановтың пікірінше, қазіргі кезеңде тепе-теңдік – бұл тұрақты күй емес, үнемі түзетіліп отыратын динамикалық үдеріс. Ол инфляцияны тежеу, экономиканың құрылымдық әлсіз тұстарын жою және адами капиталды дамыту қатар жүруі тиіс екенін атап өтеді.

Сарапшы қазіргі саясатты қысқа мерзімді нәтижеге ұмтылудан гөрі, ұзақ мерзімді тұрақтылық пен сапалы өсімнің негізін қалыптастыруға бағытталған стратегиялық тәсіл ретінде бағалайды. Алайда бұл жолдың басты сынағы – қабылданған шешімдердің қаншалықты үйлесімді әрі тиімді жүзеге асуында.

– Инфляция мен жоғары базалық мөлшерлеме жағдайында Қазақстанның экономикалық саясаты бүгінгі күні яғни баға қысымын тежеу мен болашақ өсімнің негізін сақтау арасындағы тепе-теңдікті ұстай алу қабілетін көрсетуде деп айтуға бола ма?

– Мұнда әдемі ымыра жоқ. Бұл – нақты әрі қатаң шындық. Экономика жылдам өсуі мүмкін, бірақ оның «құнын» инфляция арқылы төлеуге тура келеді. Қарапайым тілмен айтқанда, бір жағынан ЖІӨ өсімі шамамен 6,5% деңгейінде. Екінші жағынан, инфляция 12,3%-ға дейін жеделдеді. Шын мәнінде, осы өсімнің едәуір бөлігі бағаның қымбаттауымен «жұтылып» қойды.

Сондықтан бірнеше факторды ажырата қарау қажет. Біріншісі – өсімнің өзі, ол көбіне ішкі сұраныс пен бюджеттік шығындар арқылы қолдау табуда. Екіншісі – осы сұраныстың жанама әсері ретінде пайда болатын инфляциялық қысым. Үшіншісі – бизнес пен халықтың күтулері, олар жоғары инфляцияға бейімделе бастайды да, сол арқылы оны одан әрі бекіте түседі.

Мұндай жағдайда тепе-теңдікті сақтау – үздіксіз үдеріс. Ақша-кредит саясатының міндеті – «экономиканы қандай да бір бағамен суыту» емес, өсімнің инфляциялық шиыршыққа айналуына жол бермеу. Өйткені дәл қазіргі таңда инфляция өсім сапасы үшін негізгі қауіп болып отыр. Екі таңбалы инфляция жағдайында экономика формалды түрде өссе де, іс жүзінде тұрақтылығын жоғалтуы мүмкін. Сондықтан базалық мөлшерлеме 18% деңгейінде сақталып отыр.

Қазіргі саясат – экономиканың шамадан тыс «қызып кетуіне» жол бермеу талпынысы. Себебі кейін оны күрт баяулау арқылы «салқындатуға» тура келуі мүмкін. Осы тұрғыдан алғанда, тепе-теңдік – өз алдына мақсат емес, өзгеріп отыратын тәуекелдерге сай үнемі түзетіліп отыратын үдеріс.

– Қазіргі кезде ақша-кредит саясатын жедел жұмсарту қажеттігі туралы пікірлер жиі айтылуда. Қазақстанның асығыс шешімдерге бармай, сақтық танытуы қаншалықты негізді?

– Мұндай шешімдер қысқа мерзімде оң әсер беруі мүмкін, бірақ экономиканың тұрақтылығы үшін әлдеқайда үлкен тәуекелдер туындатуы ықтимал. Шынында да, ақша-кредит саясатын тезірек жұмсартуға шақырулар жиі естіледі. Мұның логикасы түсінікті, арзанырақ ақша қажет. Экономикаға – «тыныс», нарыққа – алдағы уақытта жағдайдың жеңілдейтіні туралы белгі керек. Алайда қазір Ұлттық Банктің сақтығы – демалуға әлі ерте екенін көрсететін нақты көрсеткіштерге негізделген реакция екенін түсіну маңызды. Иә, 2026 жылдың ақпан айында жылдық инфляция қаңтардағы 12,2%-дан 11,7%-ға дейін баяулады. Наурызда жағдайдың жақсарып келе жатқанын көріп отырмыз, инфляция 11% деңгейінде. Бірақ барлығы инфляцияның айлық динамикасы бірнеше ай бойы 0,4-0,6% деңгейінде сақтала ма, соған байланысты. Әйтпесе айлық өсім қайтадан 0,8-1,1%-ға дейін үдеп, баға өсімінің ауқымы кеңейсе (азық-түліктен қызмет көрсету секторына ауысса), реттеушіге риториканы қатаңдатуға тура келеді.

Сондықтан әрдайым осындай мәселеге назар аудару қажет. Саяси тұрғыдан ақшаның құнын төмендетуге деген ниет бар. Нарықта жылдық инфляцияның кез келген баяулауы мөлшерлемені төмендетуге автоматты түрде жол ашады деген болжамдар қалыптасқан. Ал, нақтысында инфляцияның шынайы траекториясы бар. Ұлттық Банк алғашқы екеуіне емес, дәл осы үшінші факторға сүйенеді.

Жалпы, бұл – өте орынды ұстаным. Егер мақсат – экономиканы кез келген бағамен қысқа мерзімді «жеңілдікке» жеткізу емес, инфляцияны орта мерзімде шамамен 5% деңгейіне қайтару болса, онда бұл бір реттік төмендеу емес, ай сайын тұрақты түрде шамамен 0,4% инфляцияны талап етеді. Асығыс жұмсарту қысқа мерзімде тартымды көрінеді. Несие арзандайды, көңіл-күй жақсарады, сұраныс артады. Бірақ инфляция толық бақылауға алынбаса, әлдеқайда күрделі салдарға әкелуі мүмкін. Бағаның жаңа серпілісі, тұрақсыздануы, валюта бағамына қысым, сондай-ақ болашақта одан да қатаң шараларға қажеттілік туындауы мүмкін. Мұндай жағдайда мәселені мөлшерлемемен емес, ерте қабылданған шешімдердің салдарымен «емдеуге» тура келеді. Сондықтан қазіргі сақтық – артық консерватизм емес. Бұл – әлдеқайда күрделі мәселелердің алдын алу үшін өтуі тиіс қажетті кезең.

– Президент Қасым-Жомарт Тоқаев экономика, технология және білім беру салаларындағы сұранысқа ие секторларға жоғары білікті мамандарды тарту бағдарламасын әзірлеуді тапсырды. Бұл қадамды мемлекет басшысының тек ағымдағы тұрақтандыруға ғана емес, сонымен қатар елдің ұзақ мерзімді бәсекеге қабілеттілігін күшейтуге бағытталған стратегиялық тәсілінің белгісі ретінде қарастыруға бола ма?

– Қазіргі экономикада кадр мәселесі әлдеқашан «әлеуметтік саясат» шеңберінен шығып кетті. Бұл – экономикалық өсімнің қарқыны мен сапасына тікелей қатысты мәселе. Инфрақұрылымға, цифрландыруға немесе жаңа салаларға қанша инвестиция салынса да, егер оны жүзеге асыратын қажетті деңгейдегі мамандар болмаса, экономика мұның бәрін игере алмайды. Осы тұрғыдан алғанда, Президенттің тапсырмасы – өсімге кедергі келтіретін негізгі шектеулердің бірін жоюға бағытталған.

Макроэкономикалық тұрақтандыруды – инфляция, пайыздық мөлшерлемелер, бюджет сияқты көрсеткіштерді шартты түрде «осы сәттегі» міндеттерге жатқызуға болады. Ал, ұзақ мерзімді бәсекеге қабілеттілік адам капиталының сапасымен айқындалады.

Маңыздысы, мамандар санын арттыру емес, бүкіл жүйені жаңа талаптарға бейімдеу. Бұған жасанды интеллект саласындағы құзыреттерді дамыту, отандық мамандарды қайтару, шетелдік кадрларды тарту, сондай-ақ мамандықтарды трансформациялау орталығы сияқты институционалдық шешімдер құру кіреді.

Мұнда бір маңызды жайт бар. Мұндай шешімдер жылдам нәтиже бермейді. Бұл – нәтижесі бір тоқсанда немесе бір жылда көрінетін саясат емес. Алайда дәл осы бағыт алдағы 5-10 жылда экономиканың қарқынын анықтайды, ол жедел дами ма, әлде инерциямен қозғала ма, соны шешеді. Сондықтан, бұл – стратегиялық тәсіл. Бірақ оның әсерінің жылдамдығын асыра бағаламау қажет. Бұл – алдағы көрсеткіштерді тез жақсартуға арналған құрал емес, болашақтағы өсім сапасына жасалған инвестиция.

– Қазақстанның қазіргі саясатының басты күші – инфляцияға тек әкімшілік немесе монетарлық тұрғыдан жауап берумен шектелмей, өндірістік базаны, адами капиталды және экономиканың ішкі әлеуетін қатар нығайтуға ұмтылуында деп айтуға бола ма?

– Сіз дұрыс айтасыз, инфляция – тек ақшаға қатысты мәселе емес, ол экономиканың құрылымымен де тығыз байланысты. Бағаны әкімшілік тәсілдер арқылы тежеуге болады. Жоғары мөлшерлеме ұстап, сұранысты салқындатуға да болады. Бұл екі құрал да тиімді, бірақ олардың да шегі бар. Өйткені экономикада ұсыныс жеткіліксіз болса, тауарлар, энергия, білікті кадрлар жетіспесе, баға бәрібір өсу жолын табады.

Егер инфляцияны сұранысты шектеу арқылы «қысу» тәсілін қолдансақ, бұл ең қарапайым, бірақ ең қымбат жол болады. Ол тез нәтиже бергенмен, экономиканы бұрынғы шектеулермен қалдырады. Соның салдарынан біраз уақыттан кейін инфляция да, мәселелер де қайта оралады. Сондықтан энергетиканы дамыту, цифрландыру, жеке бастамаларды қолдау, кадрларға инвестиция салу, өндірісті дамыту сынды ұсынысты кеңейтуге бағытталған қадамдар қажет. Алайда мұнда маңызды бір жайт бар. Құрылымдық шаралар әрдайым баяу нәтиже береді. Олар келесі тоқсанда әсер етпейді. Бұл – бір реттік мәселені шешу емес, экономиканы біртіндеп қайта бейімдеу үдерісі.

– Сіздің ойыңызша, Қазақстанның қазіргі экономикалық бағыты жүйелілігімен қаншалықты ерекшеленеді? Яғни мемлекет сын-қатерлерге жекелеген шаралар арқылы емес, қаржылық тұрақтылықты сақтау, жаңғырту, кадрлық әлеуетті күшейту және басқару сапасын арттыруды ұштастыру арқылы жауап беруге ұмтылып отыр ма?

– Меніңше, экономикалық саясаттың «дұрыстығы» өз алдына жеке ұғым емес. Ол әрдайым қойылған мақсаттарға байланысты анықталады. Біздің жағдайда бұл мақсаттарды Мемлекет басшысы айқын белгілеп берді: тұрақты әрі сапалы өсім, инфляцияны тежеу, халықтың әл-ауқатын арттыру және бәсекеге қабілеттілікті күшейту.

Ал жүйелілікке келсек, мәселе әртүрлі шешімдерді біртұтас жұмыс істейтін логикаға біріктіру қабілетінде. Мысалы, тек инфляцияға мөлшерлеме немесе бюджет арқылы жауап беріп қана қоймай, сонымен қатар көбіне кейінге қалдырылатын бағыттармен – еңбек өнімділігімен, кадрлық әлеуетпен, экономиканың құрылымымен қатар айналысу. Бұл – міндетті дұрыс қою. Яғни мақсаттар бар және олар жеткілікті түрде нақты: өсім, әртараптандыру, экономиканың сапасын арттыру. Бұл тұрғыда айтарлықтай мәселе жоқ. Негізгі қиындық – іске асыру кезеңінде туындайды.

Жүйелілік ең алдымен шешімдердің практикада қалай жүзеге асатынымен өлшенеді. Бюджеттік шығындар саясаты мен ақша-кредит жағдайлары қаншалықты үйлесімді? Энергетика, білім беру, еңбек нарығындағы реформалар бизнестің алдындағы шектеулерді шынымен азайта ма? Басқару жүйесі шапшаң әрі болжамды бола түсті ме, әлде тек формалды түрде ғана жетілдірілді ме? Тіпті дұрыс шаралардың өзі дұрыс жүзеге аспаса, бір-бірінің әсерін әлсіретеді.

Сондықтан қазіргі бағытты жүйелілікке ұмтылыс ретінде сипаттауға болады. Алайда түпкілікті баға қабылданған шешімдердің құрылымына емес, олардың қаншалықты үйлесімді, қайшылықсыз жүзеге асырылуына байланысты беріледі. Бұл – кез келген экономикалық саясаттың басты сынағы.

– Қазіргі жағдайда дәл осындай экономикалық саясат Қазақстанға күрделі кезеңнен сенімдірек өтуге, басқарылуын, институционалдық тұрақтылығын және болашақ өсім үшін негізін сақтауға көмектеседі деп айтуға бола ма?

– Қазір әңгіме күрделі макроэкономикалық кезеңнен өту жайында болып отыр. Мұндай жағдайда басты өлшем – басқарылу мен тұрақтылық. Мәселе дәл осы сәтте өсімді барынша арттыруда емес, ағымдағы тұрақтандыру мен болашақ мүмкіндіктер арасындағы тепе-теңдікті сақтауында. Өйткені экономикалық циклдің мұндай кезеңінде қабылданған жылдам шешімдер көбіне қысқа мерзімді нәтиже береді де, кейін инфляция, валюта бағамы және күтулер арқылы тереңірек теңгерімсіздіктерге әкеледі.

Сондықтан иә, қазіргі саясат бұл кезеңнен салыстырмалы түрде сенімді өтуге мүмкіндік береді деуге болады. Бірақ мұны түпкілікті нәтиже ретінде асыра бағаламау маңызды. Бұл – күрделі жол учаскесінен мұқият өту үдерісі іспетті. Мұнда кез келген бағамен жылдамдау емес, белгіленген бағыттан ауытқып кетпеу басты міндет.